379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда Канн кинофестивалі басталды

  • 109
  • UPD: 23:56, 15.05.2019

Әлемдік өнер сайысында былтыр қазақстандық Самал Еслямова ең үздік актриса номинациясын жеңіп алған.

Содан бері біздің киноға жұрттың қызуғышылығы артқанын байқауға болады. Сонымен Канн фестиваліне биыл Қазақстан не ұсынып отыр? 

Көрермендер үшін бұл жұлдыздарды өз көзімен көріп, үздік туындыларды тамашалау мүмкіндігі. Ал кино саласының мамандары фестиваль аясында шеберлік сыныптарға қатысып, әріптестерімен ынтымақтастық орната алады. Қазақстан алғаш рет қонақтарды бірдей екі павильонға шақырып отыр. Ашылу салтанатына былтырғы фестивальде олжалы болған «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой мен Алтын пальма бұтағының иегері Самал Еслямова қатысқан.

Сергей Дворцевой, режиссер:

- Былтырғы жеңіс Қазақстан жастары үшін маңызды болған деп санаймын. Бәрі ашық жұмыс істейтініне және ынтасы болса ең шыңына жете алатынына көзі жетті. Қазақстандық кино жақсы дамып келеді, мемлекет қаржыландырып, көмек беріп жүр. Мәселе мүлдем жоқ деп айта алмаймын, кино күрделі сала болғандықтан өз қиындықтары да бар. Бірақ дамып жүргенін анық көруге болады.

Канн фестивалінде жастарға үнемі ерекше көңіл бөлінеді. Биыл қазылар алқасына мүше болып жас актриса Эль Фаннинг тағайындалған. Қазақ өнер университеті де жастарды ынталандыруды шешкен. Делегация құрамында 9 студент бар. Болашақ режиссерлеріміз бен операторларымыз кино майталмандарынан үйренуге және өз жобаларын ұсынуға келген.

Талғат Тайшанов, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті:

- Қазақстан киносының болашағы тап осы студенттердің қолында деп санаймыз. Олар әлемдегі кино саласында қандай үрдістер болып жатқанын көруі керек. Бұл өте маңызды. Осындай фестивальдерде тәжірибе жинайды, руһани жағынан жаңғырады, осының нәтижесінде әлемдік деңгейде жүлде ұтатын кино түсіріп жүр.

Бірінші күні қазақстандық киномен танысуға келгендердің қарасы қалың. Кино саласының мамандарын әсіресе фотостендттердегі еліміздің көріністері қызықтырған. Өлкеміздің әсем табиғаты ұнап, болашақ туындыларында пайдалануды қарастырып отыр. Биыл байқау бағдарламасына қазақстандық фильмдер түспегенімен, сыншылардың пікірінше,  Канн фестивалінің назарына лайық режиссерлердің жаңа буыны өскен.

Кәрім Қадырбаев, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының құрылтайшысы: 

- Бұл жаңа толқын. Режиссерлеріміздің жаңа буынын Тәуелсіздік өркендері деп атап жүр. Яғни біз тәуелсіздік алған елде кино түсіріп жүрміз, осы уақыттың тынысын тереңірек сеземіз.

Қазақстан биыл жұртты өз туындыларымен таныстыруға екпін жасап отыр. Павильондарымыздың бағдарламасында киносаламызға шолу жасау, жаңа фильмдердің көрсетілімдері мен келіссөздер жүргізу қарастырылған.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы