378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Astana Piano Passion» V Халықаралық байқауы өтіп жатыр

  • 170
  • UPD: 11:38, 21.05.2019
Елордада «Astana Piano Passion» V Халықаралық байқауы өтіп жатыр

Елордада осы күндері V Халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауы өтіп жатыр.

Ол 2013 жылы көрнекті музыкант, Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев пен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі Иманғали Тасмағанбетовтың және Мәдениет және спорт министрлігі бірлескен бастамасының арқасында құрылды. Мақсат - фортепианолық өнерде талантты жас музыканттарды қолдау, қазақ және әлемдік классикалық музыканы дәріптеу. «Astana Piano Passion» Халықаралық байқаудың сыйлық қоры 60 000 АҚШ долларын құрайды. Сыйлықтарды лауреат атанған шәкірттердің ұстаздары да алатын болады. Биылғы өнер додасында ұйымдастырушылардың келісімімен қосымша сыйлықтар және жағымды тосынсыйлар да қарастырылған.

Елена Коробейникова-Миланович, «Accordi di Astana» Қоғамдық қорының директоры (ұйымдастырушы):

- Топ жарған жеңімпаздарды арнайы сыйлықтар күтеді. Мәселен Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуевтің бірқатар халықаралық жобаларында өнер көрсетуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ Мәскеудегі орталық музыка мектебінде тәлім алады.

Байқаудың ұйымдастыру комитеті әлемнің 20 елінен 115 өтінім қабылдады. Олар жас ерекшелігі бойынша 3 категорияға бөлінді. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түседі: іріктеу кезеңі бейнежазба арқылы, жартылай финалда жеке бағдарламаны орындайды, ал финалда оркестрмен өнер көрсетеді. Тайваннан келген Шанг-ен Пай дүбірлі додаға сақадай-саймын дейді.

Шанг-ен Пай, байқау қатысушысы (Тайвань):

- Мен бұл жоғары деңгейдегі байқауға қатысу үшін үш ай дайындалдым. Көрермен назарына әйгілі Моцарттың туындысын орындадым. Қазақстанға алғаш келуім. Кеудемді қуаныш кернеп тұр.

Төрелік әділ болуы үшін барлық кезеңдер ғаламтор арқылы онлайн көрсетіледі. Бұл шетелдік қолдаушылар үшін аса маңызды. Мерейтойлық фестиваль-байқаудың қазылар алқасының құрамына әлемнің жеті елінен жиналған музыка майталмандары кірді.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, қоғам қайраткері:

- Жас музыканттар өте талантты. Әрбіреуі бұл байқауға қатысқаннан кейін біздің елдің елшісі боп қайтады. Әсем театрда, тәжірибелі мамандардың алдында өнер көрсеткеннен соң олар бұл сәтті ешқашан ұмытпайды. Өмір бойы естерінде сақтап қалады.

 

Хабар 24 телеарнасы