389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЮНЕСКО-да халықаралық түркітанушылар форумы өтті

  • 276
  • UPD: 13:56, 17.05.2019

ЮНЕСКО-да дүниежүзілік тарихтағы Ұлы Даланың орны және қалдырған мәдени мұрасына арналған форум өтті.

Оған әлемнің 10 елінен келген жетекші түркітанушы мамандар қатысқан. Бұл шара Халықаралық түркі академиясының бастамасымен ұйымдастырылған.  

Еуропаның жүрегі Парижде, әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшылар, тарихшылар мен тіл мамандарының қатысуымен өткен бұл форумның маңызы зор. Мен бұл форум күллі адамзатқа қатысы бар тарихи-мәдени мұрамыз туралы білімнің ғылыми ортадағы кеңістігін ұлғайтады деп үміттенемін.

Бұл жиынға Елбасының өзі қатыспағанымен, форумның басты қаһарманы болды.Оның құттықтау сөзін Қазақстанның Франциядағы елшісі жеткізді. Ізінше жиылған көпшілікті «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласымен таныстырды. Ғалымдар бұл тұжырымдаманы ортақ тарихи мұраға деген жүйелі көзқарас деп атап, қошаметпен қабылдады.     

Ванда Дресслер,  Париж университетінің профессоры:

- Ұлы даланың жалпы адамзатқа берер мүмкіндіктерін көрсететін барлық ғылым түрлерін дамыту үшін қанша күш жұмсау керек екенін уақыт өткен сайын түсініп келеміз. Бұл шын мәнісінде қызықты, әрі тартымды дүние. Сол себепті барлығымыз осы Ұлы дала тарихына асқан қызығушылықпен терең бойлағымыз келеді.

Шүу асауды қолға үйрету, көне металлургия, мемлекет құру - осының бәрінің маңыздылығын жүректен өткізе білу кемеңгіерліктің белгісі.  Ғалымдар көшпелі халық - ғажайып мәдениет пен өркениеттің авторы деп пайымдайды. Ал ЮНЕСКО-ның қолдауымен түркітанушылардың бас біріктіруі - адамзат тарихының жаңа беттерін ашуға жағдай туғызды.   

Фирмин Эдуард Матоко, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары:

-Біз бұл форумды дәл осы ЮНЕСКОда қабылдап жатқанымызға ризамыз. Әсіресе, Ұлы Дала біздің өркениеттің маңызды бөлігін құрайтынын, оның біз білуге тиіс өте бай мәдени кеңістігін тек аймақ тұрғындарына ғана емес, күллі әлемге паш етуіміз өте құптарлық іс. Оған ЮНЕСКО өз жобаларында қашан да көңіл аударды. Сол себепті біз үшін осы форумды өткізу - үлкен мәртебе, асқан ғанибет!

Ғалымдардың айтуынша, түркі әлемінің тарихы 21 ғасырда өзектілігін арттыра түспек.. Әсіресе аймақтағы түрлі халықтар мен дін өкілдерінің бір арнада тоғысып, өмір сүруі таңқаларлық. Сондықтан бұл тиянақты әрі ауқымды зерттеуді қажет ететін дүние дейді форумға қатысушылар.   

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Бұл біздің енді ЮНЕСКО-дағы әріптестігімізді нығайтады деп ойлаймыз. Ынтымақтастықты жүйелі түрде пайдаланамыз деп ойлаймын.

Халықаралық түркі академиясы ғалымдардың еңбегін елеп, арнайы марапаттады. Форумға қатысушылар өз кезегінде түркі тарихының елеулі даталарын халықаралық деңгейде атап өтуді ұсынды. Мәселен, алда болатын орхон-енисей жазуының 1500 жылдығы құрметке лайық.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы