379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ержан Максим астанадағы концертіне Алсу мен Микелланы шақырды

  • 194
  • UPD: 23:44, 17.05.2019

Қазақ елін төрткүл әлемге танытып жүрген жас әнші Ерлан Максим елорда төрінде жеке концертін өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Болашағынан мол үміт күттірер дарын иесіне Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетпек. Ал «Хабар» Агенттігі жас таланттың шығармашылығына арналған деректі фильм түсіріп, алғашқы ірі концертінің телевизиялық нұсқасын елорда күніне орай қалың көрерменнің назарына ұсынбақ.

12 жастағы әншінің қоржынында онға жуық халықаралық байқаудың жүлдесі бар. Ресей, Латвия, Грузия, Италия елдерінің әнсүйер қауымы оралдық баланың өнеріне тәнті. Ержанның ендігі мақсаты – қазақ елін әлемге таныту. Қазір ол жеке концертіне дайындық үстінде.

Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:

- Ержан жеті жасында да Орал қаласында қайырымдылық концертін берген болатын. Кішкентай болса да, Орал қаласында. Онда екінші топтағы мүгедек балаға билеттен түскен қаржыны тапсырып, елдің батасын алған болатын. Енді, міне, биыл үлкен концерті өткелі жатыр. Жанұямызбен қолдап жатырмыз. Қобалжып та жүрміз.

Кеш елорданың «Қазақстан» концерттік залында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 28 маусымда өтеді. Ал «Хабар» Агенттігі» АҚ бас ақпараттық демеуші ретінде Ержанның шығармашылығына арналған деректі фильм түсірмек.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз маусым айының соңында болатын концертті түсіріп, өзіміздің ең кәсіби деген телевизия мамандарын жұмылдыра отырып, қала күнінде Қазақстан көрерменіне сыйлық ретінде ұсынбақпыз. Сонымен қатар, білесіздер, агенттікке қарасты «Kazakh TV» телеарнасы әлемде спутник арқылы хабар таратады. Бұл концертті «Хабар» арнасымен қатар «Kazakh TV» телеарнасы арқылы да көрсетпекпіз.

Әзірге концерттің жай-жапсары құпия. Кеш еліміздің белгілі әншілерінің қатысуымен өтетіні белгілі. Сонымен қатар ресейлік «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы Микелла Абрамова мен анасы Алсу да қатысуы мүмкін. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ержан Максим, «Голос. Дети» байқауының финалисі:

- Жаңа әндер жазу және де клиптер түсіру. Өзімнің арманым – әлемдік деңгейде жұлдыз болу.

Ержанның алар асуы алда. Олай дейтініміз, жас әнші Димаш Құдайбаргенов пен Данэлия Тулешованың ізімен 2020 АҚШ-та өтетін The World's Best таланттар шоуына қатысуы мүмкін. Салалық министрлік Ержан Максимнің кандидатурасын ұсынып, барынша қолдау көрсетуге дайын.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Айдос Меделбеков

Хабар 24 телеарнасы