383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық деректі фильм Севастопольдағы кинофестивальден жүлдемен оралды

  • 127
  • UPD: 11:38, 21.05.2019
Отандық деректі фильм Севастопольдағы кинофестивальден жүлдемен оралды

Отандық «Ата-кәсіп» деректі фильмі Севастопольде өткен кинофестивальден жүлдемен оралды, деп хабарлайды «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі.

Режиссер Берік Жахановтың «Ата-кәсіп» фильмі Севастопольдағы XV «Победили вместе» халықарылық деректі фильмдер және телебағдарламалар кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды. Деректі фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов киностудиясы түсірген.

Ресей және басқа да елдердің шығармашылық адамдарының басын қосқан аталмыш фестиваль Севастопольде 2019 жылғы мамырдың 12-18 аралығында өтті.

Айта кеткен жөн, биыл фестивальдің конкурстық бағдарламасына «Қазақфильм» киностудиясының тағы бір туындысы Николай Раисовтың «Соғыстың 60 күні» фильмі қатысқан болатын.

«Маған сеніп, алғашқы деректі фильмді түсіруге қолдау білдірген «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына, сонымен қатар «Деректі кино және киношежіре» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Әсет Ерназаровқа алғыс айтамын», - деді режиссер Берік Жаханов.

«Ата-кәсіп» деректі фильмі «Қазақстанның түркі тектес халықтары» циклі бойынша арнайы түсірілген. Бұл деректі цикл көп ұлтты Қазақстанда тұратын түркі этносына арналған. Аталған деректі фильм өзбек ұлты туралы, оның ішінде ата-кәсіп – бесік жасаумен айналысатын 47 жастағы Абдуманат Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды.

 

Хабар 24 телеарнасы