378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


KAZDUO тобы «Адай» күйін ерекше орындау арқылы көрерменін таңқалдырды

  • 330
  • UPD: 08:02, 22.05.2019
KAZDUO тобы «Адай» күйін ерекше орындау арқылы көрерменін таңқалдырды

Алты жасында құйқылжыта сырнай тартып аты шыққан павлодарлық Олжас Нұрланов көрерменін тағы да таңқалдырды.

Ол Ресейдің Саратов қаласында туып-өскен музыкант Әмір Жалимовпен дуэт құрған. Балалайка мен баянды үйлестірген жас музыканттар Құрманғазының «Адай» күйін орындап, музыка танушылардың жоғары бағасына ие болды. Күйдің құдіретін сезіну үшін Әмір Жалимов Қазақстанға арнайы келді.  

Олжас пен Әмір Мәскеудегі атақты музыка академиясында танысқан. Қос өнерпаздың ойы бір жерден шығып, шығармаларды қосылып ойнауға кіріседі. Бастапқыда техникалық жағынан қиындықтар болғаны рас. Қажырлы еңбектің арқасында жаңа KAZDUO тобы өмірге келді. 

Олжас Нұрланов, музыкант:

- Біз үлкен бағдарлама жасап шықтық. Екеуіміз бірлесіп ойнағалы бері 15 концерт өткізіп үлгердік.

Олжас – Павлодардағы музыкалық колледждің түлегі. Ал Әмір Саратовтың тумасы. Балалайканы 5 жасында қолына алған. Екеуі ең беделді деген халықаралық байқауларда топ жарған. Музыканттарды таң қалдырып отырғаны, бұл екі аспапты кәсіби деңгейде біріктіру оңай емес. Олар жеке немесе оркестрдің құрамында ойналады.

Серік Сыздықов, музыкалық колледждің директоры:

- Олжас біздің мақтанышымыз. Өйткені өзі осындай жас  музыкант болса да 20-дан астам әлемдік деңгейдегі музыкалық конкурстың лауреаты атанып, бүгінгі таңда орыс халқының аспабы баянда ойнап, мойындатып жүрген қазақтың бір талантты баласы.

Өнер ұлтқа немесе шекараға бөлінбейді. Танымал шығармаларды сырнай мен балалайкаға бейімдеген қос өнерпаздың репертуарына қазақтың күйлері де енген. Атап өтерлігі, Әмір Жалимов елімізге алғаш рет келіп отыр.

Әмір Жалимов, музыкант:

- Біз шығармаларды стилімізге қарай таңдаймыз. Музыкалық аспаптарды классикалық дәрежеге көтеріп, үлкен сахналарға шығарғымыз келеді. Қазақстанға барғым келеді дегенде Олжас маған «қазақтың күйін ойнайсың» деген талап қойды. Ақылдаса келе біз «Адай» күйін ойнайтын болып шештік.

Олжас Нұрланов, музыкант:

- Біз шығармаларды аспаптарымыздың мүмкіндіктеріне қарай таңдаймыз. Әмірден басқа ешкім ойнамаған туындылар бар. Мен өз басым оларды ешқашан естіген емеспін. Ал дуэт болып ойнаған күйіміз көңілден шықты.

KAZDUO тобының концерттік бағдарламасы Қазақстанның бірқатар аймақтарында жоспарланған еді. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты өзгерістер енгізуге тура келген. Олар  алдағы уақытта Испания, Италия, Словакия, Жапония және Қытайға барып концерт бермек.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы