382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтіп жатыр

  • 224
  • UPD: 23:44, 07.06.2019

Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін және ежелгі тарихын қайта жаңғыртуды көздейтін шараның биыл да өзіндік ерекшеліктері болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түбі бір түркі халықтарының басын қосқан осынау игі шара «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық саябағында өтті. 20-ға жуық елден келген этномузыканттар мен спортшылар және аңшылар мен атбегілер өз өнерлерін паш етті. Ашылу рәсіміндегі отандық өнер шеберлерінің тарихтан сыр шертетін театрландырылған қойылымдары да көпшілік көңілінен шықты.

Евгений Ондар, фестивальға қатысушы /Тыва Республикасы/:

- Біз бұл фестивальға осымен екінші рет келіп отырмыз. Өте керемет өтіп жатыр. Бауырлас елдердің басын қосып жатқан ұйымдастырушыларға мың алғыс. Маған қазақтың ұлттық киімдері мен  ұлттық ойындары қатты ұнайды. Тоғыз адам келіп отырмыз. Бірнеше спорт түрінен сайысқа түсу жоспарда  бар.

Шахноза Раджапова, фестивальға қатысушы /Өзбекстан/:

- Бүгінгі фестивальдың ашылу рәсімінде қазақ өнер шеберлері керемет қойылымдарымен тәнті етті. Біз де құрқол емеспіз. Өзбекстанның өзіндік ерекшеліктері мен этномузыкасын ала келдік.  

Бал Дюла, фестивальға қатысушы /Венгрия/:

- Бүгінгі шарадан керемет әсер алдым. Әсіресе аттың құлағында ойнайтын қазақ ұлдарының асауға тұсау салғаны таңқалдырды. Тіліміз бөлек болса да, түбіміз бір болғандықтан бауырларымыздың батырлығына әркез қуанамыз. 

Бірнеше күндік жауыннан кейін ауа райы да шайдай ашылып, ұйымдастырушылар мен көрермендердің көңіл-күйі көтеріңкі болды. 40-қа жуық қазақ үй тігіліп, жастар алтыбақан тепті.  Ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылса, балуандар боз кілемге шықты. Көшпенділердің ұмыт болған таңсық тағамдарынан көпшілік дәм тәтті. Садақ атудан әлемге әйгілі украиналық Денис Егоров пен қырғыз Әсел Садыровалардың келуі де этнофестивальдың ажарын аша түскендей болды.

Бақтияр Тұрысбеков, алматылық садақшы:

- Осы фестивальдың аясында дәстүрлі садақ атудан халықаралық турнир өтеді. 15 шақты елден садақшылар келді. Енді соның ішінде оншақты қазақтың садақшысы қатысады. Бұйыртса, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан дүбірлі той ертең де жалғасын табады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы