382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мюнхенде қазақтардың кіші құрылтайы өтті

  • 154
  • UPD: 13:58, 11.06.2019

Іс-шараға Еуропаның әр еліндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Отандастар» қоры және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған құрылтайдың бағдарламасы да ауқымды болды. Оның шеңберінде бизнес-форум, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, концерт қойылды.

Қазір әлемнің 44 елінде 8 миллионға жуық этникалық қазақ өмір сүреді. Еуропадағы ең көп қазақ диаспорасы Германияда. Мұнда 3 мың қандасымыз тұрады. Осы себепті де Мюнхен қаласы кіші құрылтайды өткізу орны ретінде таңдалып алынды. Ал ауқымды шарада диаспора жетекшілері өзекті мәселелерді, бірлескен жобаларды қарастырып, ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. «Отандастар» қорының өкілдері де өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жасады. Құрылтайдың басты тақырыбының бірі – «Қазақ картасы». Ол диаспора өкілдерінің тарихи Отанымен байланысын жеңілдетуді мақсат етеді.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

- «Қазақ картасы» деген куәлік ретінде болады. Қазіргі кезде сырттағы қандастарымызды қолдау және Отанымызға оралған бауырларымызды бейімдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Ол бойынша сыртта тұрып жатқан бауырларымызға сайлану және сайлау құқығынан басқа, барлық құқықтар берілген. Яғни Қазақстанға емін-еркін келіп-кетуі, бизнес жүргізуі, оқу, білім алуы, медициналық көмек алуы, ресми түрде жұмысқа орналасуы – осындай құқықтар беріледі.

Құрылтайда қандастармыз қазақ тілінің болашағы үшін алаңдайтынын жасырмады. Себебі, аға буын оны жақсы білгенімен, жас ұрпақ қазақ тілінде сөйлемейді. Сондықтан диаспора жетекшілері «Отандастар» қорымен бірлесіп қазақ тілін үйрену бағдарламаларын жүзеге асыруға келісті.

Абдуссалам Савас, Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының төрағасы:

- Біз алғаш Түркияда туған балалармыз. Біздің әке-бабаларымыз барлығы кетіп қалды, қайтыс болды. Енді біз де біраз жасқа келдік, бабаларымыз, немерелерімізді ойлаймыз. Олар не болады? Олар Англияда жүр. Дінін, тілін сақтап қалсақ дейміз. Елбасымыз «Отандастар» қорын құрып, осы шетелдегілерді ойлап жатыр. Жақсы. Біз қуаныштымыз. Бізге керек үлкен мәселе – тілді сақтау. Балаларымызға тіл үйрету үшін материал керек еді. Соларды сұрадық. Барлығын орналастырымыз деді.

Мұрат Ерміш, Еуропа мен Швеция қазақтары қауымдастығының төрағасы:

- Біз Қазақстанға баратын болдық. Балалар да бар, ішінде үлкен кісілер де бар. Барлығымыз барып, қазақ тілін дұрыстап үйренсек дейміз, естіп отырсыз, қазақшам нашар. Сол үшін барып тілімізді дұрыстап үйреніп, біз үйреннен кейін балаларымызға үйрете аламыз. Басқаларға үйрете аламыз. Одан кейін Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бізге мұғалімдер жіберетін болды. «Отандастар» қорымен бірге қарым-қатынас жақсы болып жатыр, көңілім толып, өте қуанышты болып жатырмын.

Сондай-ақ кіші құрылтай аясында «Отандастар» қоры мен Австрия, Германия, Швеция, Франция, Ұлыбритания, Люксембургтегі қазақ мәдени орталықтары арасында 8 меморандумға қол қойылды. Бұл «Қазақ үйі» бренді негізінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды топтастырады деп күтіліп отыр. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы