383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Ақжайықтың Ақкербезі» атты байқау өтті

  • 67
  • UPD: 15:16, 12.06.2019
БҚО-да «Ақжайықтың Ақкербезі» атты байқау өтті

Шыңғырлауға әнші, термеші қыз-келіншектер жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс Қазақстандағы бұл ауданда өткен байқау Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырлған.

Өнер сайысы «Ақжайықтың Ақкербезі» деп аталыпты. Жергілікті өнерпаздармен қатар Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда және Орал өңірінен 18 бен 45 жас аралығындағы 12 үміткер қатысып,  бақтарын сынады.

Қалампыр Рахимова 1949 жылы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Лубен ауылында бастады. Кейін Алматыға оқуға түсіп, әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтен тәлім алды. «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетті. Белгілі өнер тарландарымен бірге Англия, Сингапур, Бельгия және Жапония секілді әлемнің 10-нан аса елінде гастрольдік сапарларда болып, қазақтың дәстүрлі төл өнерін әлемге танытты. Жезтаңдай әнші 1988 жылы жол апатына ұшырап, небары 39 жасында көз жұмды.

Альберт Есалиев, Шыңғырлау ауданының әкімі:

- Негізгі жоқтаушысы – осы аудан тұрғындары. Ол кісі аз өмір сүріп, кейінге ұрпағы қалмаған. Өзімен бірге жүрген кезінде Алматыда үзеңгілес жүрген Гүлбаршын Жарылғасынова деген  апамыз сол кісінің жоқтаушысы болып, Алматыдан хабарласып, сол кісі мұрындық болып бастады. Ол  осындай үлкен шығармашылық кештерді Алматы қаласында ұйымдастырып өткізген екен.

Соңғы 2 жыл қатарынан әншінің туған өлкесінде облыстық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде тақтайша орнатылып, орталық алаңда шағын ескерткіші бой көтерді. 

Қалима Еслямова, Шыңғырлау ауданының тұрғыны:

- Апамыздың әні біз Лубен орта мектебінде оқып жүргеннен құлағымызға таныс. Қалампыр апамыз әнін айтқанда, еліне деген ,халқына деген сүйіспеншілігі, екпіндете отырып халықты өзіне тарта білгендігі әні әрқайсымызға ұнап, еліктеп өсуші едік. Сүйсінеміз, тыңдаймыз, сағынамыз.

Ал республикалық сынға қатысқан 12 үміткердің де осалы жоқ. Екі кезеңнен тұрған байқау барысында олар әйгілі халық термешілері мен Қалампыр Рахымқызының шығармашылығынан әндер орындады. Жүлдегерлерге 65 мың мен 500 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. 1-жүлделі орынды қызылордалық Нұрайым Ерталапқызы мен батысқазақстандық Лаура Мұхамбетжанова бөлісті. Ал байқаудың бас жүлдесіне оралдық Нұргүл Қабиева ие болды. 

Назгүл Қабиева, байқау жеңімпазы: 

- Бас жүлде аламын деп ойлаған жоқпын, қазір толқу үстінде тұрмын. Мұхиттің «Зәурешін» айттым, сосын Сартай термесі,  екінші турда жеребе бойынша халық әні «Айжанай» түсті. Қаламқасты айттым.

Қалампыр Рахимова шырқаған «Құдаша», «Бозбала», «Сәулем-ай» және «Ақ кербез» сынды ән-термелерінің жазбалары сақталған. «Олар ғаламторда қолжетімді болғандықтан, дайындық барысында әбден тыңдап, өнер иесінің әншілік құдіретіне бас идік», – дейді байқау қатысушылары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы