383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Чернобыль» мұражайында қазақстандықтар жайлы ақпарат сақтаулы тұр

  • 143
  • UPD: 08:04, 18.06.2019

Чернобыль атом электр станциясындағы алапат апаттың зардабын залалсыздандыруға қатысқан мыңдаған қазақстандықты Украина ешқашан ұмытпайды.

Бұл туралы Украинадағы ұлттық «Чернобыль» мұражайының маманы Анна Королевская арна тілшісіне айтып берді. Адамзат тарихындағы ең ірі техногендік қасіреттің жарасы неге жазылған жоқ?

Жаһандық ауқымдағы алапат, жойқын жарылыс осыдан 33 жыл бұрын Чернобыль атом электр станциясында болғанын адамзат тарихы жақсы біледі. Ядролық апаттың ауқымды болғаны сондай, ғалымдар оны 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болғанын айтады. Дәл осы сұм апаттың сұмдық зардабы жайлы оқиға Американың «Чернобыль» деп аталған бес сериялық кинокартинасына арқау болған. Драмалық телесериалдың көп бөлігі Киевте түсірілген екен. Мамандар сериалдан кейін Украинада «Чернобыль» туризмі артқанын айтады.

Анна Королевская, «Чернобыль» ұлттық мұражайының ғылыми жетекшісі:

- Чернобыльдегі қасірет әлем елдеріне сабақ болуы тиіс, мұндай апатты адамзат қайталамауы тиіс. Әрине, атом станциялары қазір жұмыс жасап тұр жер бетінде. Австралия мен Антарктидада ғана жоқ шығар. Сондықтан бұл қауіптен біз қорғана алуымыз қажет.

Украиналық мамандар Чернобыль атом электр станциясындағы алапат апаттың зардабын залалсыздандыруға қатысқан мыңдаған қазақстандықты ешқашан ұмытпайтынын айтады. Киев қаласындағы «Чернобыль» ұлттық мұражайының төрінде Қазақстаннан келген адамдар жайлы ақпарат сақтаулы тұр. Әсіресе авариядан кейін Чернобыльден небәрі 130 шақырымда орналасқан Киев қаласының тұрғындарына радиоактивтік қалдықтардың бұлты қауіп төндірген. Осындай қиын кезеңде қарапайым қазақ отбасылары да Украинаға көмек көрсетуге асыққан екен.

Анна Королевская, «Чернобыль» ұлттық мұражайының ғылыми жетекшісі:

- Алапат қасіреттің зардабын залалсыздандыруға ерікті түрді көмектескісі келген адамдардың санында шек болмады. Ол туралы Припять қаласындағы атқару комитетіне төрт жүзге жуық хат келіп түскен. Қарапайым қазақ отбасылары украиндық балаларды және олардың отбасын өз үйлеріне уақытша тұруға шақыратыны жайлы хат жазған. Мұндай деректер біздің мұражайда әлі сақтаулы тұр.

Бүгінгі күні әлем бойынша 438 энергоблогы бар 192 атом электр станциясы жұмыс істейді. Өкініштісі, радиация шекарамен шектелмейді. «Сондықтан әлемнің кез келген мемлекеті және оның тұрғындары ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында тер төгуі тиіс», – дейді мамандар.  Өйткені Чернобыль жарасы әлі күнге дейін жазылған жоқ, жазылмайды да.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Александр Кошарный

Хабар 24 телеарнасы