383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Көшпенділер әлемі» фестивалі өтеді

  • 251
  • UPD: 23:47, 22.06.2019

10 мемлекеттен келетін көшпенді елдің ұрпақтары онда ұлттық һәм мәдени ерекшеліктерін паш етіп, түрлі сайыста сынға түседі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Маусымның 29-ы мен 30-ы күндері өтетін шара осымен екінші рет ұйымдастырылмақ.

Ұлы даланы тұлпарлар тұяғы дүбірлетіп, елорда іргесінде қаз-қатар қазақ үйлер тігіліп, бой көтереді. Жақында бұл жерде ұлан-асыр той болады. Мұнда маусымның 29-30-ы күндері көшпенділердің өмір салты дәріптеліп, салт-дәстүріміз паш етілмек. Көне қалашыққа биыл 10 елден көшпенділер ұрпағы келіп, олар да мәдени құндылықтарын таныстырады.

Тимур Дуйсенғалиев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл фестивальдің басты мақсаты – елордамызға көшпенділер мәдениеті мен салт-дәстүріне қызыққан туристерді көптеп тарту. 10 мемлекеттен келетін түбі бір түркі халықтарына есігімізді ашып, құшақ жайып, төрімізден орын беруге дайынбыз. Әр елден келген қонақтар ұлттық ерекшеліктерін паш етеді. Осылайша біз шетелден әрі Қазақстаннан астанамызға ағылатын демалушылардың санын көбейтуді көздеп отырмыз.

Бұл той-думанда асау атты өз ырқына көндірген атқұмар атбегілер арғымақтарын жарыстырады. Боз кілемнің иісін аңсап келетін, білектері балғадай, бойлары еңселі балуандар белдеседі. Ұлы даладан шабыты шарықтаған дала дарындары этноәуендерін әуелетеді. Көшпенділердің ұмыт болған таңсық тағамдарынан көпшілік дәм тату мүмкіндігін алады. Садақ ату, қолөнершілер көрмесі, қылыштасу және бар. Қысқасы ежелгі этноауылда халықтардың салт-дәстүрі жанданады.

Тимур Дуйсенғалиев, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл жердегі мақсатымыз – көне мәдениетімізді, оның ішінде ежелгі түрік халықтарының жауынгерлік өнерін көшпенділер ұрпақтарына, яғни қазақстандық жастарға кеңінен насихаттау. Мұнда қазақтың ұлттық киімін, ер тоқым, көбе, сандық пен домбыраны көргенде, шетелдіктер «бұл жерде салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа дәріптеп отыр екен-ау» деген ойда қалуы тиіс.

Былтырғы көшпенділер тойында сары масадай дуылдаған қыз-қырқын, бала-шаға көп болды. Екі күнде бас-аяғы 5 мыңдай адам, оның ішінде 300-дей шетелдік думанды шарадан көтеріңкі көңілмен қайтты. Шет мемлекеттің азаматтары биылғы фестивальге де үлкен қызығуышылық танытып отыр. Қазірдің өзінде туроператорлар туристерді елорда іргесіндегі «Көшпенділер әлеміне» аттандыруға қамданып алыпты. Сондықтан бұл шараның өтуіне мұрындық болған Kazakh Tourism компаниясы жылда осындай той өткізуді әдетке әрі әдемі дәстүрге айналдырғысы бар.

Авторлары: Ж.Біркенов және А.Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы