389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда үздік журналистерге «Алтын сұңқар» сыйлығы тапсырылды

  • 300
  • UPD: 23:30, 27.06.2019

Қарағандыда жуырда қаламгерлерге арналған медиа-клуб ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сондай-ақ журналист болғысы келетін ауыл жастарына жыл сайын 10 грант бөлініп отырмақ. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында мәлімдеді. Бұл күні сондай-ақ жылдың үздік журналистеріне дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығы тапсырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл Қарағандыда өзгеше форматта өтті. Аймақтық баспасөзді дамытудың тетіктері талқыланған форумда ұтқыр ойлар, бірқатар ұсыныс айтылды. Мәселен, жақында Қарағандыда журналистер бас қосатын медиа-клуб ашылады. Сондай-ақ қалада тілшілер мен баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыратын медиа-мектеп құрылмақ. Бұған қоса аудандық газеттерді жас мамандармен қамту үшін жыл сайын ауыл жастарына 10 грант бөлінетін болды.     

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

– Кадр тапшылығы мәселесі, әсіресе, аудандық газеттер үшін өте өзекті екенін біз жақсы түсінеміз. Жас мамандар ертең оқу орнын бітірген соң өз қала-ауданында кемінде үш жылдай еңбек етеді. Енді үш жылға барған соң, тұрмысқа шығады, үйленеді, сосын сол жерде қалады ғой.

Өндірісті өңірде халыққа жан-жақты хабар тарататын 200-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы бар. Онда мыңдаған адам еңбек етеді. Әр жыл сайын олардың басын қосып, құрмет көрсету жақсы бір дәстүрге айналған. Игі шара биыл да жоғары деңгейде өтті. Жыл бойы үздік хабарларымен, өткір мақалаларымен жұрттың ықыласына бөленген бір топ қаламгер бұл күні «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болды.

Базарбай Әлеуханов, «Дидар» телеарнасының директоры:

– Бұл енді біздің шығармашылық ұжымның жетістігі, жеңісі деп есептеймін. Соған қанаттанып тұрған кез, ұмтылмайтын сәт деп ойлаймын.

11 аталым бойынша үздік шыққан жеңімпаздардың барлығы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал бас жүлде – 1 миллион теңгені биыл 60 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған жезқазғандық «Дидар» телеарнасы жеңіп алды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы