389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Париждегі сән апталығына қазақстандық дизайнерлер де қатысты

  • 245
  • UPD: 14:36, 02.07.2019
Париждегі сән апталығына қазақстандық дизайнерлер де қатысты

Парижде сән апталығы басталды. Оның аясында қазақстандық дизайнерлер Oriental Fashion Show-ға қатысты.

Шығыс елдері сәнгерлерінің басын қосатын шараға қазақстандық дизайнерлер үнемі қатысып келеді. Осы жолғы апталықта ұйымдастырушылар болашағы зор жаңа сәнгерлердің есімдерін паш етті.

Назым Қарпықова Париждегі сән сахнасында алғаш рет дүйім жұрттың алдында еңбегін көрсетті. Oriental Fashion Show ұйымдастырушыларының айтуынша, жас дизайнер Қазақстанда өткен сән апталығында өз жұмысымен ерекше көзге түсіп, Франция астанасында өтетін шараға шақырылды.

Назым Қарпықова, Arunaz брендінің негізін қалаушысы:

- Елімізде дизайнерлер саны көбейді. Осының арқасында бәсеке артып, ілгері дами бастадық. Нәтижесінде дизайнерлеріміз жылдан жылға шыңдалып келеді.

Әлемдік модада көптеген жылдар бойы Шығыс елдеріне деген қызығушылық байқалады. Шоудың негізін қалаған Хинд Жудар мәдени тұрғыдан Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуды армандайды. Оның пікірінше, қазақстандық брендтер ұмыт болған ұлттық киімді заманауи сәнмен үндестіре алған. Сол себепті бұл үлгілерді әлемдік деңгейге шығару керек. 

Хинд Жудар, Oriental Fashion Show негізін қалаушысы:

Қазақстан – мәдениеті мен тарихы бай ел. Біздің мақсат - сән арқылы қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту. Қазақтар өз мұрасының құндылығын түсінген халық. Біздің шоу дизайнерлерге өз елдерінің мәдениетіне тән тұстарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Шоуды Ресей модасының майталманы Вячеслав Зайцев ашты. Одан кейін подиумде Жанна Кан мен Назым Қарпықованың топтамалары паш етілді. Ұлы даланың сәнді киім үлгілері көрермендерді баурап алды. Әйел болмысына ерекше нәзіктік беретін киім үлгілері көптің көңілінен шыққан сыңайлы.

Светлана Плотникова, Zardosibyconstella брендінің өкілі:

- Бұл көрме сауда белгіміздің беделін өсірумен қатар серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Әрі өзге елдердің өкілдерімен танысып, байланыс орната аламыз.

Жұрттың қызығушылығын тудырған бұндай шараға қатысу жас модельерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені онда сән саласының беделді тұлғаларымен қатар түрлі сауда жүйелерінің өкілдерімен кездесуге болады.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы