389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ел Арна» астана күніне арналған қысқаметражды фильмін көпшілікке ұсынады

  • 447
  • UPD: 23:57, 04.07.2019

Жақында «Ерке Есілдің самалы» атты қысқаметражды фильм көрерменге жол тартады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кинокартинаны елорда күніне орай «Ел Арна» арнасы дайындап жатыр. Фильм Нұр-Сұлтан қаласында өрбиді. «Ел Арна» өзінің екі жылдығы қарсаңында қысқаметражды көркем фильмдер сценарийіне байқау жариялаған болатын. Шығармалардың ішінен үздік шыққаны осы туындыға арқау болды.

Қысқаметражды кинокартина халқымыздың салт-дәстүрін көрсете отырып, романтикалық хикаяға ұласады. Фильмде елімізге танымал суретші, зергер Берік Әлібай да ойнайды. Ол сюжет бойынша «отау жүзіктің» құпиясын ашатын археолог, профессордың рөлін сомдайды.

Берік Әлібай, зергер:

– Мақсатым – жастарымыздың шет елге басқа ұлттың қызығушылығын өз еліміздің мәдениетіне қарай бұру. Өйткені біздің қазақ халқының рухы мықты халық екенін өз істеген істерім арқылы көрсетемін.

Кинотуынды сюжеті ел жүрегі елорданың көз тартар көркем жерлерімен қатар зергердің музей үйінде түсірілген. Ал фильмнің қос жас кейіпкері Мадияр Жақып пен Нарқыз Тамабай үшін бұл кино өнеріне жасаған алғашқы баспалдағы болып отыр.

Батырбек Тайжанов, «Ел Арна» телеарнасының режиссері:

– Бұл фильмнің сценарийі 25-ке жуық жұмыстың арасынан үздік деп танылған болатын. Өз тарапымыздан аздаған өзгерістер енгізіп, түрлендіре түстік. Оқиға желісін қазір айтып қойсам, қызықсыз болып қалар. Әзірге құпия бола тұрсын. Көрермен кейіпкерлермен бірге ғасырлар бойы үзілмеген тарихи байланыстың куәсі болады деп ойлаймын.     

Фильмнің саундтрегі ретінде жас орындаушы, композитор Расул Ерназаровтың «Сен, сен» атты әні таңдалды. Ал кинотуынды көрермен назарына елорда күні «Ел Арна» телеарнасынан жол тартады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы