389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасы елорда күніне орай мерекелік бағдарламаларын ұсынады

  • 298
  • UPD: 22:54, 05.07.2019

«Хабар» арнасының елорда күніне орай көрерменге көрсетері көп. Мереке күндері еліміздің басты арнасынан өнер майталмандарының концерттік бағдарламалары да көрермен назарына ұсынылады.

Көркіне күллі әлем көз тіккен ару астанамыздың туған күніне «Хабар» арнасы да тарту жасамақ. Осыған орай мерекелік бағдарламалар шеруін бастайды. 6 шілде күні сағат 22:00-де  Елбасы жайлы бұрын еш жерде айтылмаған тың деректерден сыр шертетін деректі фильмнің тұсауы кесіледі.

Айгүл Әділова, «Хабар» арнасының жаңалықтар және сараптамалық бағдарламалар директоры:

- Елбасы көмекшілерінен, жеке аудармашысынан сұхбат алдық. Жалпы бұл деректі фильмде Нұрсұлтан Назарбаевты көшбасшылығынан бөлек тұлғалық қырын көруге болады.

Сонымен қатар басты арна жетінші шілде күні «Ел мерейі Ержан» деректі фильмі мен есімі көпке әйгілі Ержан Максимнің жеке концертін назарларыңызға ұсынады.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» арнасының бас продюсері:

- Талай әлемдік сахналарды бағындырған Ержан Максимнің алғашқы шығармашылық кешін ұсынамыз 7 шілде күні. Бұл концертке қазақ эстрада жұлдыздары қатысқан. Айқын, Ұлықпан Жолдасов сияқты бірге дуэт орындайтын жаңа әндері бар.

Сондай-ақ демалыс күндері көгілдір экраннан көрермен назарына, концерттік бағдарламалар мен «Елорда келбеті» деп аталатын арнайы роликтер топтамасы жол тартады.

Александр Трухачев, «Хабар» телеарнасы сараптамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы:

- Еңселі елордамыздың өткені мен бүгіні жөнінде сыр шертетін қысқа метражды 6 ролик легін ұсынамыз. Онда ел астанасындағы нысандар жайлы қызықты деректер келтіріледі. Бейбітшілік қабырғасы Атырау көпірі, Назарбаев Университеті сынды нысандар жайлы баяндаймыз.

Ал 7 шілде күні сағат 12-де ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты шараны тікелей эфирде көрсетеді. Арнаның арнайы дайындаған «Ұлы дала үні», «Ұлы дала дауысы» атты екі арнайы жобасы тағы бар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы