389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтуде

  • 618
  • UPD: 20:38, 06.07.2019

Бүгін елордадағы «Жетісу» саябағында «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күміс көмей әншілер мен бармағынан өнер тамған шеберлердің және арқалы ақындардың басын қосқан дәстүрлі додаға елімізден бөлек сегіз елден өнерпаздар келді.

Бұл фестивальдің ерекшелігі - оған алыс-жақын шет елдерде тұратын бауырлас қазақ азаматтары қатысуда. Биылғы сайыста топ жарғандарды айтарлықтай сый-сыяпаттар күтіп тұр.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі шетелдегi және еліміздің дәстүрлі өнердегi таланттарын қолдау мақсатында жыл сайын өтетін өнер сайысы. Биыл бұл дода Елорда күні мерекесі аясында Жетісу саябағында ұйымдастырылды. Қазiр әлемнің 43 елінде 5 млн астам этникалық қазақтар өмір сүреді. Мiне, сол елдерде тұратын өнерлі отандастардың қатысуымен өтiп жатқан өнер фестивалі қазақ мәдениеті мен руханиятындағы дарынды жастарды аныктайды. Фестиваль фольклорлық өнердің бірегей жанрларын, музыкалық және қолданбалы өнер үлгілерін сақтауға, сондай-ақ шетелде тұратын отандастардың шығармашылық және білім беру әлеуетін арттыруға жол ашады. Фестивальда 4 номинация бойынша үздіктер анықталады. Атап айтқанда, мүшайра, терме, халықтық-қолданбалы өнер және ұлттық әндер номинациясында сайысқа түседі. Жалпы биылғы өнер сайысына 50 үміткер келiп отыр. Бұл туралы бiзге осы фестивалды ұйымдастырушы Отандастар қорының өкілi айтып берді.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің орынбасары:

- Жыл сайын қатысушылар саны артуда. Биыл жастар жылы болғандықтан жастарға ерекше көңіл бөліп, ашық аспан паркте өткізуді шештік. Осы фестивалдің мақсаты - ұлттық салт-дәстүрімізді мәдениетімізді дәріптеу. Осыны жастарға баулу және талантты жастарды таңдау мен оларды қолдау.

Фестиваль өтiп жатқан саябақ аумағында 10 киіз үйден тұратын этноауыл ашылған. Көпшілік мұнда қолөнер шеберлерінің жұмыс жасау барысымен таныса алады. Сайыстың бірi қолданбалы өнер болғандықтан мұнда қатысушылардың қолынан шыққан туындылар қойылған. Бармағынан өнер тамған шебердің бipiмен тiлдескен едiк.

Нұрбазар Рыстанұлы, қолөнер шебері:

-Осы өнер фестиваліне мен халықтық қолданбалы өнер номинациясы бойынша қатысып отырмын. Бірінші біздің елге келгендегі «білек түріп еңбек ет, етек түріп елге жет» дейді ғой. Атамекенімізге құр қол келгеніміз жоқ. Осы өнерімізбен келдік. Осы атамекенімізге білімді, ғылымды үйренейік, үйренгенде жас ұрпаққа берейік деп келдік.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық фестивалiнiң жеңімпаздары бүгін кешке белгілі болады. Топ жарғандар елiмiздегi оқу орындарында кәсіби білім алуға мүмкіндік алады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы