384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Домбыра – қазақтың ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті – Н.Назарбаев

  • 269
  • UPD: 11:31, 07.07.2019

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. «Ақсақ құлан» аңызы еске түседі осындайда. Жошы ханға баласының қазасын естіртуден именген халық, қаралы хабарды қос ішекті аспаппен жеткізген. Бертін бұл күйді дәулескер күйші Кетбұға орындады деген дерек тарады.

Қазақта домбырамен байланысты аңыз-әпсана, қисса-дастан көп. Осыдан-ақ, көне аспаптың қазақпен біте-қайнасып кеткенін аңғаруға болар. Ұлттық брендке айналған домбыраның құрметіне былтыр Елбасы пәрменімен арнайы жарлық шыққан. Енді еліміз  шілде айының алғашқы жексенбісінде ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Биыл міне енкінші жыл қатарынан тойланып жатыр. Елдің мерейін өсірген Елбасының өзі де өнерден кенде емес. Дастан Сейілханұлы сөз саптайды.

Қазақ елін күй тербеген күн бұл. Екі мыңнан аса қатысушы бір мезетте ұлттық аспапты қолғңа алып, күйге ерік берді. Олар «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын» мен «Ерке сылқымды» шабыттана орындады. Жасы да, жасамысы да осында. Ел сүйсінген шараға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Ұлттық домбыра күні өткен жылы осылай тойланды.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мойнына көне түркі таңбасы мен жұпар әуені бізді сүйсіндіреді деп жазылған аспап, сонау Күлтегін заманынан бері  келе жатыр. Одан бері қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға  алып, сайын даланы жаңғыртып ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырмас бөлшегіне айналып келеді. Бұл қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті.

Әлем жұрты Нұрсұлтан Назарбаевты көреген басшы, сарабдал саясаткер, сақа стратег ретінде таниды. Бірақ Елбасының саф өнерге аңсары ауған жан екенін бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Бала Сұлтан ән мен жырға бөленіп өскен. Әкесі де, анасы да өнерден кенде емес еді. Солардан дарыса керек, дара баланың дана басшы болғанға дейін қолынан домбырасы түспеді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

«Әкем етік тігіп, жер өңдеп, сонымен қатар, ол орыс, қазақ әндерін құйқылжыта салатын. Ауылда ән салып, өлең шығарудан шешеме де ешкім тең келмейтін еді. Маған да солардан жұққан болар, домбыраның құлағында ойнауға бармын».

Қадыр ақын қазақтың бар болмысын бір ауыз сөзбен суреттеген. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біздің ұлт ұйысқанша тағдырдың талай теперішін көрді. Небір зұлматты бастан кешті. Өткеннің мұң мен зары күй болып төгілді артынша.

Қазақты домбырадан айыру –  жүректі кеудеден жұлып алумен тең. Біздің ұлтпен біте қайнасқан бұл аспапқа құрмет көрсетіп, Елбасының жарлығымен арнайы - домбыра күні  белгіленді. Биыл міне екінші жыл қатарынан тойланып жатыр. Тұңғыш Президент елге үндеуінде ұлттық болмыс-бітімді ұдайы сөз етеді. Тіпті «Рухани жаңғыру» мақаласын да жариялап, ұлттық код туралы айтып еді. Домбыраның үнін еститіндер болады, бірақ домбыраның тілін түсінетіндердің жөні басқа. Олар шанақтан күй төгілгенде – бастан кешкен бір дәуірді көз алдыңа келтіріп береді.           

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

«Домбыра қазақтың жан дүниесімен байланысты. Күйді, домбыраның әуенін, сазын мұрнына жусан иісі барған әрі Ұлы далада өмірге келген қазақ қана түсіне алады. Себебі бұл ерекше музыка адамның жан-дүниесін көрсетеді, яғни мұңды немесе қуанышты  ойды ашық байқатады. Кешкілік домбыраны шертіп отырған кезде  барлығы ұмытылады. Маған бұл әсер ұнайды, сондай-ақ домбырада жақсы ойнайтын адамдарға құрметпен қараймын». 

Домбыраның құдіретін өзіміз түгіл, өзгелер де түсініп жатыр. ЮНЕСКО-ның шешімімен қазақтың ұлттық аспабы мен күйі адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енген. Бұл исі қазақты қадірлеу, оның ұлттық аспабын құрмет тұтқаны. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы