389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде Ұлттық домбыра күні атап өтілді

  • 387
  • UPD: 13:53, 07.07.2019

Бабамыздың мұңысың сен, домбыра, Анамыздың сырысың сен, домбыра.Қазағымның жүрегінен жаралған, Даламыздың үнісің сен, домбыра!» деп бебеулеткен біздің ел осынау аспаппен талай тағдырын астастырған.

Бүгін бір елордада ғана емес, өзге өңірлерде де мереке аталып өтуде. Солардың бірі Ақтөбе. Тілшіміз Мансұр Есқожинді тікелей эфирде тыңдайық. Мансұр, қайырлы күн, сіздердегі мереке жайын білсек дейміз?

Мансұр Есқожин, тілші:

- Домбыра аспабы қазір еліміздің шекарасынан асып, төрткүл дүниеге танымал болды. Түрлі халықаралық додаларда ел өнерпаздары күмбірлеген үнімен көрермендерді таңқалдырып жүр. Әлемді аузына қаратқан Димаш та бірде бір концертін домбырасыз өткізбейді. Қадыр Мырза-Әлі айтқандай «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».

Бүгінгі мерекелік концерт те он екі перне, қос ішекті меңгергендердің саны артып келе жатқандығын көрсетіп отыр. Ақтөбенің қақ төріндегі саябақта таңертеңнен бері ұлттық аспаптың қоңыр үні төгіліп тұр. Дәл қазір бір сахнада 250-ден астам өнерпаз әуелете күй төкті. Жетекші рольде облыстық филармонияның кәсіби мамандары, ал жергілікті музыка мектептерінің оқушылары аға буынға еріп ауқымды шараға қатысуға ниет білдірген.

Концертте Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дина мен Қазанғаптың, Ахмет Жұбановтардың туындылары орындалды. Мұндай айтулы шара Ақтөбеде өткен жылы да ұйымдастырылған болатын. Ұлттық домбыра күні 500 өнерпаз киелі аспаппен Орталық стадионда Қазақстан біріншілігінің кезекті ойынының шымылдығын ашты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Жалпы бұл күндері жыршылар мен термеші, күйшілер көрермендердің көзайымына айналды. Бұлай деп айтуға негіз бар. Түрлі орталықтардағы концерттерден бөлек, қала көшелерінде «домбыра party» өткіземіз деген жастардың жармасын да көз шалды. Яғни домбыра музейдегі жәдігер ұғымынан арылып, ұлттық музыкалық аспап ретінде көпшіліктің қолынан табылып отыр.

Хабар 24 телеарнасы