384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыстың шыңырау күйлерін бүгінгі ұрпақ үзбей жалғастырып келеді

  • 286
  • UPD: 23:16, 07.07.2019

Қазақтың күй өнерінде Алтай, Тарбағатай күйшілігінің тарихы терең.

Бастауын Кетбұғадан алып, Байжігіт қалыптастырған шығыстың шыңырау күйлерін бүгінгі ұрпақ үзбей жалғастырып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Былтырдан бері шілденің алғашқы аптасының Ұлттық домбыра күні деп аталуы бұл салаға соны серпін берді. Әсіресе күйшілер мен домбыра жасайтын шеберлердің қуанышында шек жоқ. 

Байжігіттің «Бөкенжарғақ» күйін төгілтіп отырған музыкалық коллеждің 4 студенті – Дастан Тоқтаров. Оқу орнындағы домбыра сыныбын жыл сайын ондаған түлек бітіріп шығады.  Шәкірттер қазақтың барлық күйшілік мектебінен дәріс алады. Тек шығыстың шыңырау күйлері мен оның негізін қалаған Байжігіт, одан Қайрақбай, Бейісбай, Бейсенбі, Әшім, Әбуғазы тәріздес әйгілі тұлағалардың туындыларымен шәкірттер жете танысады.

Дастан Тоқтаров, коллеждің 4 курс студенті:

– Біз осы күйшілік ерекшеліктерді зерттей отыра тарихымен бірге зерттейміз, күй ойнағанда бірге айтуға тырысамыз. Солай дәріптеу, өзімізге түсіну, оны ойнау жеңіл болады. Шығыстың күйлерінде, Байжігіт қалыптастырған күйшілік мектепте шертіп ойнау дәстүрі бар. Мысалы, Қаратау шертпелерінде қара қағыс бар. Саусақпен бірге ойнайды. Осындай ерекшеліктерімен бай болып келеді.

Иә, бұл рухани байлық әлі толық зерттеліп, зерделеніп болған жоқ. Шығыстың шыңырау күйлерінің тамыры тереңде жатыр.

Дәстүрлі әнші әрі шебер Аманкелді Смағұлов шертіп тұрған домбыраға 100 жыл болған. Семей өңіріндегі Нығметжан Байәділов деген әншінің домбырасы. Көнеден жеткен аспапты ұрпақтары шеберге жаңғырту үшін аманаттаған.

Амангелді Смағұлов, домбырашы, шебер:

– Шамамен бұл домбыра 1900 жылдары жасалған деп ойлаймын. Әміре Қашаубаевтың тұсындағы домбыра. Суреттен қарасақ. Мынаның бәрі қайың шегемен шегелеген. Содан алып мен бетін құқартып тазалап, 9 перне болған. Онымен ойнай алмадым. Қазір ойналып тұр.

Домбырашы-шебер қазір өнердің бұл түрін жас шәкірттерге үйретіп жүр. Оларды өнерге баули жүре жертөледегі шағын шеберханда бір жылда 80-90 домбыра жасайды. «Үкілі домбыра» республикалық байқауына қатысып, бірнеше рет орын да алды. Тек ендігі мақсаты – ұлы өнерді ұрпаққа жеткізу үшін тар шеберханасын кеңейту.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы