384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы «Үкілі домбыра» байқауына 30 шебер қатысуда

  • 273
  • UPD: 23:16, 07.07.2019

Мерекеге орай Атырауда бұл күні «Үкілі домбыра» атты республикалық байқау өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 30 шебер 60 домбырасын алып барды. Ал олардың еңбегіне кәсіби күйшілер баға берді.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Домбыра қазақтың жаны, домбыра қазақтың үні десек те болады. Бүгін күй отаны Атырауда отыз шебер бақ сынасып жатыр. Ендеше біз де бір байқап көрелік.

Үмітін үкілеп «Үкілі домбыра» байқауына Алматыдан жеткен Азат Өзенбаев отыз жылдан бері осы сүйікті ісімен айналысып келеді. Күні бүгінге дейін қанша домбыра жасағанын санап көрмепті. Айына кем дегенде 4-5 әуені де, әуезі де келіскен сапалы домбыра жасайды және жоғары сұранысқа ие.  

Азат Өзенбаев, домбыра жасаушы шебер /Алматы/:

– Менің домбыраларымды тапсырысыпен Ұлттық консерватория алады, астанамыздағы «Шабыт» музыка академиясы, өнер университеті алады. Кезінде Қаршыға Ахмедияров ағамыз өмірінің соңында менің домбырамды ұстаған.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан сан ғасырлық тарихы бар ғажап өнерді қазақ жоғары бағалайтыны хақ. Сондықтан да бүкіл елімізге танымал өнер қайраткерлері Атырауға арнайы ат басын бұрып отыр.   

Шәміл Әбілтаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Ұлттың өзінің үнжырғасы түспей, еңсесі көтеріліп, жігеріне жігер қосылатын сәті. Шеберлер болмаса, күйшілер болмайды ғой. Сондықтан мына 30 домбыраны тыңдадық, тағы да жалғасы болады, бірінен бірі өтеді.  Бұл атыраулықтарға, Атырау аймағына шеберлер де, бәріміз де бас иіп рақмет айтамыз.

Бүгінгі байқауға қатысқан домбыра жасаушы шеберлер де қазылар тарапынан әділ бағасын алды. «Үкілі домбыра» байқауының Атырауда өтуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені күй атасы Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров және тағы да басқа дүлдүл күйшілеріміздің осы өңірден шығуы аймақтың нағыз күйдің отаны екендігіне толық дәлел бола алады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы