384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелдік балет өнерпаздары астаналық хореографтармен жұмыс істеуге ынталы

  • 144
  • UPD: 22:46, 08.07.2019

Осыдан 6 жыл бұрын ашылған елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры бүгінде әлемдік деңгейдегі беделді театрлардың қатарына кірді.

Қазір түрлі елдің өнер саңлақтары Қазақстан астанасына келіп, балет труппасындағы үздік хореографтардың жетекшілігімен жұмыс істеуді армандайды.

18 жастағы Рээ балетпен 3 жасынан бері айналысып келеді. Биыл ол өзінің кәсіби мансабын бастағалы жатыр. Жапон балеринасы өзінің алғашқы еңбек шартын «Астана Опера» театрымен жасаған. Енді ол Нұр-Сұлтанға тамыз айында келеді. Осылайша Рээ қазақ сахнасында өнер көрсететін үшінші жапон қызы болмақ.

Рээ Исикава, балерина:

- Мен барымды салып жұмыс істеуге тырысамын. Себебі біз ол жақта кәсіби түрде жұмыс істеп, сол үшін еңбекақы аламыз.

Мичиё Накагава, София балет академиясының көркемдік жетекшісі әрі директоры:

- Қазақ хореография академиясының Мәскеудегі немесе Санкт-Петербургтегі академиядан ешбір айырмашылығы жоқ. Шынымды айтсам, қазақ академиясы өте жас, соған қарамастан ұжымның дамуға деген құлшынысы өте күшті. Ондағы барлық оқытушылар жігерлі де белсенді. Бүгінде ескі балет мектептерінде білікті оқытушылар азайып барады. Соның салдарынан өкінішке орай оқыту деңгейі де төмендеп жатыр. Осы ретте хореография мектептері арасында қазақ академиясы сапа жағынан мәскеулік мектеппен бір деңгейде дер едім. Сол себепті де біз елдеріңіздегі балет академиясының даму жолын жіті назарда ұстап келеміз.

Мичиё Накагава жұбайымен бірге Токиода Балет академиясын құрған. Және оған аты аңызға айналған кеңес балеринасы және оқытушысы София Головкинаның есімін беріпті. Бірнеше жыл бойы Накагава-сан Мәскеу хореография академиясында оның қол астында жұмыс істеген де. Жапонияда балет өнері танымал болғанымен, жоғары деңгейлі оқытушылар жоқтың қасы дейді ол. Сондықтан да өз академиясында әрдайым шетелден шақырылған үздік балет мамандарының шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады екен. Және соның ішінде қазақстандық мамандар да бар көрінеді. 

Кейсуке Косака, София балет академиясының бас директоры:

- Мен алғаш рет Нұр-сұлтан қаласында өткен жылдың мамыр айында болдым. Ол кезде Алтынай Абдуахимқызының шақыруымен халықаралық балет фестиваліне қатысқан едім. Қаланың да, театрдың да жас болғанына қарамастан, өте керемет әсер алдым. Мен ғажайып қала тұрғызғысы келетін халықтың энергиясын сездім. 

Қазақ хореография академиясымен ынтымақтастық орнату аясында София балет академиясы Жапонияда іріктеу байқауын өткізуде. Оның жеңімпаздары тағылымдамадан өту үшін Қазақстандағы оқу орнына аттанады. Өткен жылы оған 2 балерина барған болатын. Ал биыл күзде тағы 3 бұрымды Нұр-Сұлтан қаласына жол тартады. Және бұл қос елдің балет өнеріндегі ынтымақтастығының бастамасы ғана деп сенеміз.

Хабар 24 телеарнасы