384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейліктер балықтан оралған қазы мен шұбаттан жасалған балмұздақтың дәмін татты

  • 199
  • UPD: 23:35, 12.07.2019

Санкт-Петербургте Қазақстанның туристік әлеуетін танытқан семинар өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл шараны Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұйымдастырған. Семинар қонақтары ерекше бір ұлттық тағамдардың дәмін татты. Оның арасында балықтан оралған қазы және түйе сүтінен әзірленген тәттілер болған.

Аспазшыларымыз бұл шараға тыңғылықты дайындалды. Нұр-Сұлтаннан бірнеше рейспен отандық азық-түлік жеткізілді. Жүзжылдық тарихы бар мейрамхананың асханасында екі күн бойы тағамдар әзірленді. Шие қосылған манты, түйе етінен дайындалған патэ және шұбаттан жасалған балмұздақ қала тұрғындарының таңдайын қақтырды.

Мариус Акерман, мейрамхананың бас аспазшысы:

– Қазақ тағамдары қалай дайындалатынын көру қызық болған. Мен білетін орыс пен грузин астарына ұқсамайды. Көптеген халықтың тамағынан дәм татқан едім, бірақ мұның орны бөлек. Ас әзірлеуде араб пен қытай дәстүрлерінің әсерін байқауға болады, бұл өте қызық үйлесім. 

Артем Канцев, Қазақстан бас аспазшылар қауымдастығы басшысының орынбасары:

– Біз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәмдерді негізге алып, жаңа технологияларды қолданамыз. Шабыттану үшін далаға шығып, жұпар ауасымен тыныс аламын, ауылға барамын. Осыдан кейін Еуропаға барып технологияларды көріп, осының бәрін үйлестіріп, жаңа тағамдар шығарамын. 

Аспаздық туризмнен бөлек шарада іскерлік туризмді дамытуға көңіл бөлінді. Қазақстан әлемдік деңгейде түрлі шаралар өткізуге лайық заманауи технологиялық алаңдарды ұсынуға қауқарлы.

Бауыржан Досманбетов, Санкт-Петербургтегі Қазақстанның бас консулы:

– Санкт-Петербургте 7 миллиондай адам тұрады, сондықтан Қазақстанға туризмді дамытуға зор мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар іскерлік туризм бағытындағы шаралардың 80% Санкт-Петербургте өтеді. Осы тәжірибесін үйреніп, іскер туристерді Қазақстанға шақырғымыз келіп тұр. 

Гауһар Жеңісбек, Kazakh Tourism ҰК делегациясының жетекшісі: 

– Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары ресейліктер іскер шаралардың 60% шетелде өткізеді. Біздің басты мақсатымыз осы шаралар өтетін елдер тізіміне Қазақстанды да қосу болып отыр. 

Петербургтің туроператорлары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ынталы. Бұл қаламен тікелей әуе қатынасы орнаған. Апта сайын Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына 14 рейс қатынайды.

Кирилл Соколов, ресейлік туроператордың өкілі:

– Ресей бизнесі үшін Қазақстанның Еуропа мен Азия түйісінде орналасуы қолайлы. Тіл жағынан да қиналмайды, діліміз де ұқсас. 

Қазақстанның туристтік әлеуеті Ресейдің өзге де қалаларында таныстырылады. Құзырлы мекемелер қазір тиісті шараларды қолға алуда. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы