384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе-Лаэтиден алып құмыралар мен қару-жарақ түрлері табылды

  • 206
  • UPD: 23:35, 12.07.2019

Тасын түртсе, тарих боп сөйлей жөнелетін қойнауы шежіре мен сырға толы еліміздің батыс өңірінде зерттелмеген қорғандар мен көне қала орындары жеткілікті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Солардың бірі – 14-15 ғасырларда салтанат құрған қазақ хандығының астанасы хан ордалы Сарайшық қаласының серігі саналатын Ақтөбе-Лаэти қаласы.

Биіктігі кісі бойындай алып құмыралар, қару-жарақ түрлері мен металл ыдыстар. Мұның барлығы аумағы 4 гектар жерді алып жатқан көне қала орнынан табылған жәдігерлер. Мамандар бұл арада 10 мыңға тарта тұрғыны бар ірі қолөнер орталығы болған дегенді айтады.

Марат Қасенов, археолог:

– Ақтөбе-Лаэти қаласы үш мәдени қабаттан тұратынын анықтадық. Ол 14 ғасырдың басынан 15-тің аяғына дейін өмір сүргені анықталды. Тағы ерекшелік, бұл тек халық тұруы үшін емес, бұл өндірістік зергерлік қолөнершілердің қаласы болып қалыптасқан. Жібек жолы бойындағы керуен сарайлар қаласы болғандықтан, бұл қала өркендеп, жоғары мәдени деңгейге жеткен.

Бұл жерде 2017 жылдан бері жергілікті археологиялық экспедиция кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл қазба жұмыстарын Атырау обылыстық тарихи өлкетану музейі мен жергілікті ғалымдар жалғастырды. Сонымен қатар оған жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері де тартылған. Туған өлке тарихынан мол мағлұмат алған жастар болашақ жұмыстарына бағдар алғандарын айтады.

Нұрбағыт Жеңісов, тарих факультетінің студенті: 

– Қазбадан шыныдан жасалған жүзіктер кездестірдік. Сондай-ақ көне құмыралар, әртүрлі сұйықтық құятын немесе азық сақтайтын құмыралар тапқан болатынбыз. Бұл қалашық өзіміздің мәдениетіміздің болғанын дәлелдеп берді.

Болашақта аумағы 4 гектарды алып жатқан көне қала орны қоршалып, бұл арадан аспан асты музейін жасақтау жоспарланып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы