384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда Тілеуқабыл Мыңжасардың шығармашылық кеші өтті

  • 200
  • UPD: 23:34, 12.07.2019

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында қазақ журналистикасының мэтрі Тілеуқабыл Мыңжасардың «Жетісу – жүрегімде» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған шара ұзақ жылдар бойы «Хабар» Агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін үлкен абыроймен атқарған Тілеуқабыл ағамыздың құрметті демалысқа шығуына байланысты ұйымдастырылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен осы айтулы күнге орай есімі қалың елге кеңінен танылған телетілшінің «Хабар-аға» және оның қалжыңдары» атты жаңа кітабы жарық көрді. Онда ел аузында «Хабар-аға» атанып кеткен Тілеуқабыл Үсенұлының әзіл әңгімелері мен үзеңгілес достарының, шәкірттерінің сол кісі жайлы жазбалары топтастырылған.

Тілшілікті тіршілікпен біте қайнастырған қанатты қалам иесі, сөз жоқ, қазақ телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол осылайша өзінің адал еңбек, маңдай терінің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөлене білді.

Тілеуқабыл Мыңжасар, қазақ телевизиясының ардагері:

– Мінеки, 25 жылдай «Хабар» Агенттігіне аянбай қызмет жасадым. «Хабарды» танытуға атсалыстым. Ал «Хабар» маған үлкен абырой әперді. Өзіміздің қызметтік міндетімізді аяқтап жатқан сәтте осы елге бір рақметімізді айтып, халықпен қауышып, пікірлесейік, әңгімелесейік деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан мен бұл кештің атын «Жетісу – жүрегімде» деп атап, осылай халықты жинап отырмыз. Рақмет барлығына!

Рыскүл Шораханқызы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының бас редакторы:

– Журналистикадағы шеберлігіне барлығымыз да тәнтіміз. Оның үстіне Тілекеңнің жастарға тәрбиесі ерекше. Ол – жастарға тәрбиені нұқып, шұқып көрсетпей, ол тәрбиені өзінің бүкіл іс-әрекетімен, өзінің бүкіл болмысымен, жасап жатқан дүниелерімен көрсеткен, үлгі болып келе жатқан адам.

Хабар 24 телеарнасы