389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Польшадағы этнофестивальде отандастарымыз арнайы сыйлықпен марапатталды

  • 211
  • UPD: 10:08, 14.07.2019

Польшаның Зелена Гура қаласында Faces of Tradition деп аталатын этномәдени фестиваль өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдение шара Польшадағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған шараға биыл отандастарымыз алғаш рет қатысып, арнайы сыйлықпен де марапатталды.

Халықаралық фестивальге Қазақстаннан келген «Сарбаз рухы» ұжымының әртістері қатысты. Олардың көрсеткен театрлық қойылы мен қара жорға биі еуропалықтардың көңілінен шықты. Ал домбыраның құлағындай ойнайтын Ерасыл Әділбековтың өнері көпшіліктің таңдайын қақтырды.

Изабелла Кумор-Пиларчик, фестиваль басшысы:

Қазақстаннан келген топ өте ұнады. Көрермендер мен қазылар алқасы дән риза. Салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениетіңізді көріп таң қалдық. Біздің фестивальге қатысқандарыңызға қуаныштымыз.

«Сарбаз Рухы» клубының құрылғанына небәрі екі жыл болды. Талант иелері қазақ дәстүрін өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де паш етіп жүр. Осы жолы Еуропаға алғаш рет келді. Ол үшін қатаң іріктеуден өтті. Қазылар алқасы «Сарбаз рухының» өнеріне лайықты баға беріп фестивальдің арнайы сыйын ұсынды.

Сара Әбілмәжінова, Sarbaz Rukhy жобасының үйлестірушісі:

-Бұл марапат біз үшін өте қымбат. Өйткені біз әдейілеп дайындалып, барымызды салдық. Еуропа елдеріне қазақтың салт-дәстүрі мен ойынын көрсеткіміз келді.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Sarbaz Rukhy ансамблінің өзгеше стильде өнер көрсетуі бұл шараға ерекшелік берді. Өнерпаздардың еңбегі көрермендер мен келген қонақтардың көңілінен шықты. Клубтың арнайы сыйлыққа ие болғанына өте қуаныштымын.

Фестивальге Қазақстаннан басқа Литва, Словакия, Украина, Польша мен Румыния елдері де қатысты. Көрермендердің айтуынша, биылғы ерекше серпін, сән-салтанатпен өткен мәдени шара мәңгі естерінде қалады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы