386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театрының гастрольдік сапары ташкенттік көрермен есінде ұзақ сақталады

  • 155
  • UPD: 13:03, 16.07.2019

«Астана Опера» театрының Өзбек еліне жасаған гастрольдік сапары Ташкент жұртының есінде ұзаққа дейін сақталады.

«Абай» операсының сәтті қойылуынан соң Әлішер Науаи атындағы опера және балет театры тағы да дүйім жұртқа толы болды. Бұл жолы өзбек елінде «Мадам Баттерфляй» туындысы сахналанды.  Гастроль Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жалпы Мадам Баттерфляй лирика мен драмаға толы әрі техникалық тұрғыдан күрделі опера саналады. Қойылым бейқам көңілді Америка солдатына ғашық болған жас гейша хаққында. Көрермендер оны сахна шымылдығы ашылған сәттен бастап, туынды аяқталғанға дейін бір деммен көріп шықты. Эмоция мен вокалдық тұрғыдан күрделі саналатын Мадам Баттерфляйдің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Бақтай орындады. Опера шебері сахна төрінде адам жанын толқытып, жүрекке жылулық ұялататын махаббаттың алып күші мен терең тербеніс пен үмітсіздік сезімдерін жиналған жұртқа нанымды жеткізе алды.

Жаннат Бақтай, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:

- Мен көрермендердің жылы қарсы алғанына қуаныштымын. Әрбір ариядан соң қойылымды тамашалап отырған қауыммен өзара байланысты және олардың қолдауын сезіп отырдым.

«Астана Опера» театры тарихында бұл Өзбекстанға жасалған тұңғыш гастрольдік сапар. Сондықтан жауапкершілік те жоғары. Десе де, бір күнгісін ойлаған бейқам жігіт лейтенант Пинкертонның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев керемет орындап шықты.

Медет Шотабаев, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:

- Көрермен қауым зор қошеметпен қарсы алды! Мұндай көрермен алдында әрдайым өнер көрсете бергің келеді. Ол сені шабыттандырып, қанаттандыра түседі. Бұл әнші үшін өте маңызды.

Бұл операның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендер спектакль барысында жапон мәдениетіне терең үңіледі. Қойылымның алғашқы минуттарынан бастап залға жиналған жұрт  өткен ғасырдың 40-жылдарындағы Нагасакиге саяхаттайды. Дәстүрлі бамбук үйлер, сакура ағаштары, 18 метрлік жасанды тоған, таза жібектен тігілген кимонолар. Осының бәрі кейіпкерлердің бейнесін толықтыру үшін қолданылған бірегей декорациялар мен киімдер. Және олар аты аңызға айналған қоюшы суретші Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының иегері Франки Скуарчапиноның нұсқасы бойынша жасалған.

Чио-Чио-Санның қатал тағдыры жайлы хикая өзбек көрермендерінің жүрегін елжіретті. Жиналған жұрттың толассыз қошеметі соның бір айғағы болса керек.

Валерий Бирюков, Өзбекстандағы ТАСС өкілдігінің жетекшісі:

- Басты рөлдерді сомдаған әртістер адам сенгісіз вокалдық шеберліктерін көрсетті. Дауыс ырғақтары жаныңды бірден баурап алады. Бүгін міне, көрермендер залында әртістердің партияларын тыңдап отырып, ләззат алдым.

Опера дирижері Джузеппе Акуавиваның айтуынша, Мадам Баттерфляй операсы Өзбекстанда өте сәтті қойылды. Бұл аталған туындыны сахналауға атсалысқан театр ұжымының төккен тері мен тынымсыз еңбегінің жемісі екенін айтып, жоғары баға берді.

Джузеппе Акуавива, дирижер: 

- Бұл Ташкент театрында Пуччинидің ғажайып музыкасы ойнаған әуезді кеш болды. «Астана Опера» театрының керемет әншілері шырқаған таза музыкалық кеш болғаны сөзсіз. 

«Астана Опера» театрының Ташкентке алғашқы гастрольдік сапарынан көп дүние күтуге болады. Себебі бұл қазақ-өзбек мәдени қарым-қатынасының одан әрі нығая түсуіне жасалған үлкен қадам. Бұл бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысқа айтарлықтай жол ашатыны сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы