389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда кинофестиваль аясында Қазақстанның үздік туындылары көрсетілді

  • 203
Арменияда кинофестиваль аясында Қазақстанның үздік туындылары көрсетілді

Арменияда «Алтын өрік» атты XVI халықаралық кинофестиваль жұмысын аяқтады.

Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – өнер жолын енді бастаған режиссерлер мен продюсерлер үшін жаңа номинация белгіленді. Нәтижесінде фестивальге қазақстандық режиссер Айжан Қасымбек пен продюсер Диана Әшімованың фильмі іріктелген.

Іріктеуден өткен 700-ден аса туындының ішінен басты жүлдеге 13 үміткер таласты. Нәтижесінде британдық режиссер Ричард Биллингэмгің «Рэй мен Лиз» фильмі Гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. Күміс жүлдеге ресейлік режиссер Кантемир Балаговтың «Ұзынтұра» картинасы ие болған. Айта кетерлігі, тұңғыш рет байқау кезінде Қазақстанның үздік туындылары көрсетілді. Жергілікті халық пен фестиваль қонақтары Әмір Байғазиннің «Өзені» және Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмдерін тамашалады. Канн фестивалінде жұлдызы жанған «Айка» киносын армян жұртшылығына Самал Еслямованың өзі таныстырды. 

Самал Еслямова, актриса:

– Мен үшін ең маңыздысы, осында көптеген адаммен танысып, тығыз қарым-қатынас орнаттым. Ереванда, Гюмриде халық бізді керемет қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетті.

Байқау ұйымдастырушылары жас дарындардың кино туындыларын назардан тыс қалдырмады. «Алтын өрік» кинофестиваліне жіберілген жүздеген жоба арасынан он бесі іріктелді. Олардың қатарында жас режиссер Айжан Қасымбек пен продюсер Диана Әшімованың «От» атты жобасы бар. 

Диана Әшімова, продюсер, Kanokino studio құрылтайшысы:

– Біз ұсынған жоба - «Табиғаттың төрт дүлей күші» деп аталған киноальманахтың үшінші бөлімі. Алғашқы екеуі - «Су» мен «Ауа» қысқаметражды фильм түрінде шыққан. Үшінші картина - толықметражды кино жанрындағы тұңғыш туындымыз. Біз осы жобаға үлкен үміт артып отырмыз.

Армине Арутюнян, «Алтын өрік» фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Түрлі мәдениеттің ықпалдастығы тамаша нәтиже берері сөзсіз. Бұдан ұтарымыз мол, өйткені шығармашылық өнер тек осылай дамиды. Байқауға көбісі мықты жобаларымен келген, сондықтан бәсеке де жоғары.

Фестиваль аясында шығармашылық жолын жаңа бастаға  жас режиссерлер мен продюсерлер танымал кино майталмандарынан дәріс алды. Ал үздік деп танылған жоба авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаздар Канн қаласына оқуға жіберіледі.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы