386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ыстамбұлда Әл-Фараби музей-үйі ашылды

  • 221
  • UPD: 13:05, 04.08.2019

Ыстамбұл орталығында Әл- Фараби музей-үйі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған шығыс ғұлама ғалымының мұражайы, Түркі әлемі этнографиялық музей-кешенінде бой көтерді. Аталмыш шара ғалымның 1150 жылдығына арналып отыр.

Әл-Фараби музейінің ашылу салтанатына түрік елінің белді саясаткерлері, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар қатысты. Жобаны ҚазҰУ мен Ыстамбұл губернаторлығы бірлесе отырып, Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Ғалым Мұтанов, Қазақ ұлттық университеті ректоры:

Әл-Фарабидің үлкен ғылыми тұжырымдамалары қазіргі уақытта ерекше бағаланып отыр және керек болып отыр. Өйткені бұл кісінің қарымды қала тұрғындары қандай болу керек, қоғамымыз қандай идеалды түрде болу керек, жалпы айтқанда, адамзаттың болашағы қандай болу керек соны кезінде ғылыми тұрғыдан дәріптеп, асыл мұра ретінде қалдырып кеткен. Әл-Фарабидің рухани мұралары дәріптеп отырып, біздің өзіміздің ұлтымызды, мәдениетімізді, рухани әлемімізді халықаралық деңгейде көтереміз деп ойлаймын.

Шенгүл Арслан, Ыстамбұл муниципалитеті бас хатшысының орынбасары:

- Әл-Фараби, тек қана Шығыс әлемі үшін емес, Батыс елдері үшін де айтулы тұлға. Ол тек түркі дүниесінің ғана емес, барша адамзатқа ортақ мақтаныш. Ғұламаның мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу борышымыз.

Музей-үйі бірнеше бөлімнен тұрады. Мұнда Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірінен алынған деректер көрсетіліп, құнды тарихи мәліметтер берілген. Сонымен қатар мүсіндік композициялар, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және ойшыл туралы кітаптар қойылған.

Сердар Гөкхан, әртіс

- 120 көркем фильм мен 30-дай телехикаяға түстім. Мен үшін Әл-Фарабидің орны ерекше. Түркияда ұлы ойшылды жақын тану үшін фильм түсіруді жоспарлап отырмын. Музейдегі деректер мен композициялардың бастаған жобама жол көрсететіндігіне сенімдімін.

Музейді кез келген адам тамашалай алады. Сондай-ақ тұрғындар мен шетелдік туристер үшін арнайы экскурсиялық бағдарламалар ұсынылып, танымдық курстар дайындалған.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен, Түркия

Хабар 24 телеарнасы