386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда Абай күндері өтіп жатыр

  • 133
  • UPD: 14:32, 09.08.2019

Иранда Абай Құнанбайұлы күндері өтіп жатыр. Қазақ елінің данышпан ақынын бұл елде тек біліп ғана қоймай, арнайы факультативтерде оның өмір жолы мен шығармашылығына терең үңіледі.

Ал ел астанасы Тегеранда ақынның құрметіне ескірткіш орнатылған. Ирандықтардың айтуынша, оларға қаламгердің шығармашылығымен қатар, өмірге деген көзқарасы да ұнайды.

Қазақтың ұлы ақыны Абай сөзден үлкен мағына шығарып жазған өлең шумақтары талайды таң қалдырғаны сөзсіз. Ақынның еңбегін бағалайтындар әлемнің әр түкпірінде көптеп кездеседі. Сол елдердің қатарында Иран да бар. Тегеранда жергілікті халық ақынның туындыларын оқып, оның талантына тәнті болуда.

БЛИЦ:

 - Абай өлеңдерін маған таныс филолог аударып берді. Ақын шығармасындағы сөздер өте терең дер едім. Есімде қалғаны, оның кез келген сөзінде қорқыныш жоқ. Және саған бұрыннан таныс адам секілді тіл қатады.

- Жалпы ақынның ойларын балаларыма жиі айтып отырамын. Себебі оның сөздерінде даналық бар. Сондықтан болар, иран оқырмандары Абайды ең алдымен кемеңгер ақын ретінде таниды.

Иран елінде Абайды тек өлеңдері үшін ғана емес, сондай-ақ, өмірлік ұстанымы үшін де қатты құрметтейді. Сөз шебері өз шығармашылығында көбіне әйел мен ер адамның арасындағы теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Ол нәзік жандыларды тек қаламымен ғана емес, ісімен де қорғай білген. Бұл мәселе Иранның кей аудандарында әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жалпы ақынның Иран елінде көпке мәлім екенін жуырда Тегеранның төрінде Абайдың құрметіне ашылған ескерткіштен аңғаруға болады.

Реза Сеедан, Иранның халықтар достастығы қауымдастығының вице-президенті:

- Жалпы Қазақстан Иран үшін жақсы қарым-қатынас орнаған ел. Бізге Абай ескерткішінің ашылуы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегацияны қабылдау үлкен мәртебе болды. Келген қонақтарымызға қонақжайлылығымызды көрсете алдық деп үміттенеміз. Абайдың арқасында ирандықтар Қазақ әдебиетімен танысып, елдеріңіздегі зиялылар туралы біліп жатыр. Мен Абай мен оның соңынан ерген ақындардың қаламынан шыққан туындылары екі елді одан әрі  жақындата түсетіндігіне сенімдімін.

Бүгінде Тегеранда Абай шығармашылығын кеңінен таныту мақсатында ақынға арналған әдеби факультативтер өтеді. Ирандықтар ақынның өлеңдерін оқып, оның терең ойлары мен асыл сөздерін ұғуға тырысады. Бір айта кетерлігі, аталған курсқа тек мектеп оқушылары ғана емес, ересектер де қатысады.

Эрфан Моарефванд, Абай Құнанбайұлы әдеби факультетінің тыңдаушысы:

- Мен Абай шығармашылығымен небәрі бір жыл бұрын таныстым. Ұят болса да, айтайын, мен бұған дейін қазақтың ұлы ақыны туралы ештеңе естімеппін. Абай шығармашылығына келер болсақ, маған оның өз ойын түсінікті әрі дәл жеткізетіні ұнайды. Жалпы Қазақстанда Абайдан бөлек, басқа да мықты қаламгерлердің барына сенімдімін. Ирандағы жас маман, студент ретінде біз сіздердің әдебиеттеріңізбен тереңірек танысқымыз келеді.

Абайдың қалам алысы, жазу үлгісі парсы қаламгерлеріне өте ұқсас. Сондықтан бұл Иранда өсіп келе жатқан ұрпаққа Абаймен танысуға себепші болмақ. Бұған қоса, алдағы жылдары қазақтың бас ақыны мектеп бағдарламасына қосымша пән ретінде де енуі мүмкін. Осылайша, данышпан ақынның терең ойлары Иран елінде де оқылмақ.

 Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы