Әлем ұлықтаған Абай: қай елдерде ұлы ақынға арналған ескерткіштер мен көшелер бар

Бүгін, 10 тамыз күні Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр.

Қазақстанның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде ұлы ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі еңбегінің әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек. 

Айталық, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің он күндігі аясында таныстырылған.

Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан, деп жазады weproject.media.

1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.   

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.

Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында, Түрікменстанның Акдаш ауылында, тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар бар.

Әзербайжан астанасы Бакуде көше атауына ғұлама бабамыздың есімі берілген. Себебі жергілікті тұрғындар Абай ақынның шығармаларын сүйіп оқиды.

Мажарлардың да Абай Құнанбайұлына деген құрметі ерекше. 2014 жылы Венгрияда қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш орнатылған. Оны Будапешт қаласындағы Астана көшесінен көруге болады.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысқан болатын. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм.

Көрші Өзбекстанның астанасында қазақтан шыққан ойшылдың ескерткіші 2013 жылы екі елдің тұңғыш президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің қатысуымен ашылған.

Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады. Бұл ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр. 

Мәскеудегі ескерткіш – еліміздің Ресейге тартуы. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде ұлы ақынға ескерткіш орнату туралы келісілді.

Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан, яғни Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңынан көруге болады, деп жазады ҚазАқпарат. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко. Одан бөлек Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында Абай көшесі бар.

«Казахстанская правда» газетінің мәліметіне сүйнсек, Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» («Абай шествует по планете»: http://sozvuchie.zviazda.by/abaj) деп аталатын сайт ашылды. Бұл Абайды тек өз  елінде ғана емес, қазақ жұртын танитын барлық ел таниды дегенді білдіреді. Сонымен қатар Витебск қаласында да Абай атамызға арналған ескерткіш қойылған.

Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды, деп жазған arnapress.kz.

 

2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Бұл салтанатты іс-шараға еліміздің сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы – Юань Сикунь. 

2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. 

Дайындаған: М.Асылбек