385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай өлеңдері Каспий теңізі жағалауында оқылады

  • 160
  • UPD: 15:36, 10.08.2019

Каспий жағалауында ерекше форматтағы мәдени шара өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр апта сайын ұйымдастырылатын бағдарлама репертуары ұлы ақын Абайдың туындыларынан тұрады. Қала тұрғындары концертті тамашалап қана қоймай, оған өздері де қатыса алады. Бастама авторы – Абай Құнанбаевтың есімін арқалаған мәдениет сарайының ұжымы. Ізденімпаз жастардың көрерменге әзірлеген тағы бірнеше жаңалығы бар.

«Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» Қазақ елінде Абай өлеңдерін жатқа оқудан челлендж басталғалы бері ұлы ақынның осы бір өлеңі мына сурет жанында сан рет оқылды. Яғни мұнда оқушыдан бастап облысқа танымал тұлғалар арнайы келеді. Абай Құнанбаевтың туындыларын оқу сәтін ұялы телефон не телекамераға жаздырады екен. Халықтың ақынға деген ықылас-құрметін байқаған мәдени кешен ұжымы кешқұрым теңіз жағасында арнайы шаралар өткізуді ұйғарыпты.  

Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты туындылары жағалаудағы концертте үш-төрт рет шырқалады. Өйткені көрермен әртістердің осы әндерді жанды дауыста қайталап айтуын сұрайды. Кеш көрігі қыза келе микрофон көпшілікке өтеді. Бірі ұлы ақынның қара сөздерін оқыса, енді бірі аспаптың сүйемелдеуімен ән айтады.

Маргарита Омарова, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің көркемдік жетекшісі:

– Абай Құнанбаевтың ақындық қасиеттін, өлеңдерін жұртпен бірге шырқап, жұртпен бірге айтатындай бастаманы бастадық. Челлендж ұйымдастырдық. Теңіз жағалауында, амфитеатр алдында және де осы Абай мәдени-демалыс кешенінің раушан саябағы бар ауласында. Сол жерде де біз көптеген іс-шараларды өткізіп жатырмыз. 

Абай атындағы мәдениет сарайында жылына мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылады. Яғни концерт залдарында аптасына бірнеше рет түрлі бағдарлама өтеді. Өнерпаздардың дайындығында кемшіліктің болмауына қоюшы режиссерлер жауапты.

Зейнаб Зиятова – өз ісін жетік меңгерген жас маманның бірі. Ол әртістің сахнада өзін қалай ұстау керектігін үйретіп, әр нөмірге би қоятын тәжірибелі хореограф.

Зейнаб Зиятова, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің қоюшы режиссері:

– Мәдениет сарайына алғаш келгенімде 12 жаста едім. Бірден ансамбльге солист ретінде қабылдандым. Кейін тәжірибе жинаған соң сабақ бере бастадым. Ұстаздық қызметіме биыл 20 жыл толады. Көптеген шәкірттерім Еуропа және ТМД елдерінде еңбек етіп жүр. Мен үшін бұл кешен екінші үйіме, ал ұжым ең жақын адамдарыма айналды.

Мәдени-демалыс кешенінің іргетасы кеңестік дәуірде қаланған. Тәуелсіздік жылдары техникалық базасы нығайып, қызметкерлерінің саны өсті. Бүгінде мұнда 39 көркемөнерпаз ұжымы бар. Оларға екі мыңға тарта бала қатысады. Серік Сариев, Ольга Хныкина сынды кәсіби тәлімгерлерден дәріс алған жастар шартараптағы өнер сайыстарында қазақ елінің атын асқақтатып жүр.

Пәния Сармұрзина, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

– Орта Азия мемлекеттері мен Еуропаның сахналарында біздің ұжымдар іргелі орындарға ие болып, ұлттық мәдениетімізді насихаттап келе жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Абай мәдениет кешенінде үлкен жобалар қолға алынды. Бұлар – жас таланттарды табуда не болмаса жасы ұлғайса да сол өнерден қол үзбей келе жатқан азаматтарды тартуда жасалып жатқан шаралар.

Өр өлкенің басты мәдени нысанына биыл 45 жыл толады. Мерейлі дата аясында жыл басынан бері ауқымды іс-шаралар өткізілді. Жуырда көрерменге ұсынылатын тосын сый да жетерлік. Соның бірі – «Шабыттан. Жаса. Жарқыра» мегажобасы. Жастар жылында бұл бастама жас ақын, әнші, сазгер мен ән әрлеушілердің есімін көпке таныстырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы