386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлы Абайдың өлеңдері қырғыз тіліне аударылды

  • 176
  • UPD: 15:35, 10.08.2019

Кітап әлі жарыққа шыққан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен арнамыздың тілшілері шығарма авторымен кездесіп, жинаққа ақынның қандай туындылары арқау болғанын біліп қайтты.

Перизат Алмаз қызы – «Ән – сөз әмірі» аталатын кітап авторларының бірі. Оның айтуынша, Абай өлеңдерімен жұмыс істеу – өте қызық әрі үлкен ғанибет іс. Сөздерін ұғу оңай, өлең ұйқасы да жақсы үндескен. Осының бәрі философиялық туындыға үйлесіп, ойыңды болмыстың мәніне жетелейді.

Перизат Алмаз қызы, кітап авторы:

– Белгілі қырғыз ақыны Аалы Токомбаев ХХ ғасырдың бірінші жартысында Абайдың ең әйгілі өлеңдерін аударған болатын. Біз өз кітабымызда көпшілік біле бермейтін өлеңдер мен әндерді жинауға тырыстық. Сондай-ақ жалпақ жұртқа автордың ойын жеткізу үшін шығармаларының бастапқы мағынасын сақтауға тырыстық.

Перизат Алмаз қызымен бірге тағы екі аудармашы еңбек еткен. Оларды Абайдың жеке өлеңдерін қырғыз тіліне тәржімалау үшін арнайы шақырыпты. Мақсат ұлы ақынның философиясын тереңірек ашу еді. Дереккөз бір болғанымен, әр автордың көркем тілде жеткізуінде өз ерекшеліктері болады. Бұл оқырмандардың руһани дүниесін байытып, дана Абайдың дүниетанымын кеңінен ашуға мүмкіндік береді. 

Перизат Алмаз қызы, кітап авторы:

– Абаймен жақынырақ танысу үшін бір жылдан аса уақытымыз кетті. Оның өмірге және айналасында болып жатқан оқиғаларға деген көзқарасын, туыстарымен қарым-қатынасын түсінуге тырыстық. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын мұқият оқып шықтық. Біздің ойымызша, бұның бәрі ақынның ең қызық шығармаларын жинақтауға көмектесті.

Кітап бір мың дана таралыммен шығады. Зерттеу жұмысына, дерек жинауға және басып шығаруға кеткен қаржыны Қырғызстандағы елшілігіміз бөліпті. Енді жақын арада Абай өлеңдері жинағының тұсаукесері өткізіледі. Бұл кітап сатылымға шықпайды. Баспадан шыққан бойда барлық данасы жергілікті университеттер мен мектеп кітапханаларына тегін табысталады.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы