386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық академиялық кітапханада А.Құнанбайұлының туған күніне орай музыкалық кеш өтті

  • 209
  • UPD: 16:14, 10.08.2019

«Абай – дана, Абай – дара».

Ұлттық академиялық кітапханасы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туған күніне орай поэтикалық музыкалық кеш өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24». Мерекелік жиында иллюстрациялық кітап және сурет көрмесі өтті. Жастар хакім Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Шараның мақсаты – ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау.

Елордаға Семейден керуен келді. Жай керуен емес, облыстық Абай атындағы кітапхананың құнды да сирек дүниелерін ала келді. Көрмеге Абай оқыған кітаптар, Абай туралы естеліктер мен ақынның өз шығармалары қойылды. Семейдегі кітапхана 1883 жылы ашылған. Абай Құнанбайұлы сол қоғамдық кітапхананың ұйымдастырушысы, әрі тұрақты оқырманы болған. Ол мұнда Батыс Еуропа классиктерінің еңбектерімен танысқан.

Майгүл Сейітқажықызы, ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапхананың оқу залының меңгерушісі:

– Біздің кітапханадағы сирек қордағы тың дүниелердің бірі. 1887 жылы «Семей бастауыш білім қоғамы» ашылған болатын. Сол қоғамға Абай Құнанбаев пен балалары мүшелікте болған. Бұл қоғам көптеген оқу орындарына, Семей қаласындағы, Омбы, Том қаласындағы әлеуметтік төмен отбасыларға көмек беріп отырған. Қоғамдық кітапхананың залын ашуға, мерзімдік басылымдар жазылуға көмектескен болатын. Абай қайырымдылықпен айналысқан.

Яғни ақын халқына деген жанашырлығын ісімен дәлелдеген. Мұқтаж жандарға бөлген қаржысы туралы мәлімет есеп кітапшасында сақталған. Жалпы, Абай атындағы кітапханада 4 мыңнан астам кітап бар. Басым бөлігі қайталанбайтын сирек дүниелер. Оқырманға ыңғайлы болуы үшін біраз шығарма электронды үлгіге көшіріліп жатыр екен. Одан бөлек мобильді қосымша арқылы жүктеу мүмкіндігі бар.

Абайдың туған күніне орай ұйымдастырылған поэтикалық музыкалық кешке әдебиеттанушылар мен ақын-жазушылар келді. Ұлы ақынның өлеңдері оқылды. Абайтанушылар «Абай – ұлттың рухани гиппократы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жалпы, академиялық кітапхана ұлы ақынға арналған шараларды 1 ай бойы өткізбек.

Нұрхан Серкебай, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкері:

– Бір ай бойы өтеді. Оған «Абай оқулары» кіреді. Абайдың өлеңдерін оқу, әдеби-караоке секілді. Балалар кітапханасында көптеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның барысында кездесулер бар, дөңгелек үстелдер бар. Кітап көрмелері сияқты шараларды қамтиды.

Мерекелік жиынға келгендер «Абай әлі де насихатталуы» керек дейді. Әсіресе өскелең ұрпақ ұлы ақын туралы білуі тиіс. Ақпараттық технология заманында оның шығармаларын насихаттап, заманауи әдіспен ұсынуға көп көңіл бөлінбек.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Арман Ақшабев

Хабар 24 телеарнасы