386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды комедия театрының келесі гастрольдік сапары астанада өтеді

  • 121
  • UPD: 22:34, 10.08.2019

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры елордаға гастрольдік сапармен келмек. «Астана Опера» театрының үлкен залында қарағандылық әртістер алғаш рет Максим Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» мюзиклі мен Имре Кальманның «Баядера» атты операттасын сахналайды. 

Александр Грин баяндаған романтикалық махаббат хикаясы «Алқызыл желкендер» қойылымында одан әрмен ширығып, шиеленісе түскен. Сазбен көмкерілген сезімдер қақтығысы ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Ал әдеттен тыс хореография қойылымның тартымдылығын арттырады. Бұл қарағандылық театрдың репертуарындағы жаңа туынды. Актерлардың астана көрерменін таңғалдырмаққа бел буғаны сонша, әзірлікті премьерадан ажырату оңай емес. 

Амантай Ибраев, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры:

- Қазіргі таңда бұл брендтік спектакль. Бізге келіп тыңдап кеткен театр сыншыларының пікірінше үздік қойылымдардың бірі.  Спектакльді «Алтын маска» иегері, тек Қазақстан мен Ресейге ғана емес, одан тысқары жерлерге де кеңінен танымал, тәжірибелі  режиссер Сусанна Цирюк сахналады.»

 «Баядера» опереттасы да махаббат тақырыбын жалғастырып, көрерменді үнді еліне қарай әкетеді. Венгер сазгерінің жүрек қылын шертер әуені астында бас кейіпкерлер қатып қалған салт-дәстүрмен күреске түседі. Мұнда да әртістер сюжеттің бояуын қанық шығаруға тырысқан. 

Анна Павлова, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының артисі:

- Декорация да, костюмдер де, грим де – үнді мәдениетіне арналған. Оқиғаның  шешімі де әдеттен тыс. Әрине, қойылымда үнді ханзадасы жалғыз болғанымен, барлығы да Үндістан мәдениеті стилінде өрбімек. 

Гастрольдік сапарға 100 шақты театр қызметкері жиналып жатыр. Қос қойылымның қажетті мүлкі екі көлікке жүк болыпты. «Алқызыл желкендер» мюзиклін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 17 тамызда тамашалай алады, ал 24 тамыз күні қарағандылық әртістер «Баядера» қойылымын көптің назарына ұсынады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, С.Игіліков

Хабар 24 телеарнасы