386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталды

  • 142
  • UPD: 23:04, 12.08.2019

Ресейдің Оңтүстік Орал өңірінде дәстүрлі «Туған жер» атты қазақ мәдениетінің фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұл шараны Челябі облысының Верхнеуральск ауданы қабылдады.

Ұлттық салт-дәстүрімізді паш еткен жиын-тойға көрші елдің әр өңірлерінен барлығы 5 мыңнан аса адам қатысты.

Осыдан екі ғасыр бұрын алғаш қазақ тайпалары қоныс тепкен Челябі облысының Верхнеуральск қаласында бүгінде 3,5 мыңдай қандастарымыз тұрады. Негізінен олар мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысады. Тұрмыс жағдайлары көбінен көш ілгері. Бір өкініштісі сол, жастарды айтпағында, үлкендерінің өзі ана тілінен ажырап қалған. Мектепте оқытылып келген қазақ тілі сабағы 3-4 жыл бұрын жабылып қапты.

Бірақ қалай десек те, ресейлік қазақтар діни сенім, ұлттық салт-дәстүрге берік. Оны Оңтүстік Орал өңірінде  жыс сайын өткізілетін «Туған жер» фестивалінен байқауға болады. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер, ұлттық киімде ән айтып, қызмет көрсеткен қыз-жігіттер, ат жарыс, палуан күрес, құдды бір қазақ ауылындағы қызық-думанға тап болғандайсың. Бұл тойға Қостанай облысының өкілдері де  өз тарту-таралғыларымен келген.

Айнұр жадырова, Қостанай облыстық достық үйінің өкілі:

– Туған баланы бесікке қалай салу керек, соның бәрін үйретіп кетеміз. Және  де біздің өзіміздің қазақы оюлармен тігілген көрпелеріміз бар. 

Ал енді тойдың бір шетін, «Менің әжем әдемі», шәй мәзірін дайындау, жайма жаю байқаулары қыздырып жатты.Түрлі ұлттық тағамдарға толы шәй дастархандарының ішінен үздігін анықтау қазылар алқасына да оңайға соққан жоқ.

Гүлсара Тұрғынова, қазылар алқасының мүшесі:

– Құрт, ірімшік, май, қаймақ, осының бәрін осы уақытқа дейін алып келе жатқан келіншектерге, апаларымызға басымызды иеміз. Бағалау өте қиын, бәрінің дастарханы сондай төгіліп тұр.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Мына жерде қамыр илеудің хас шеберлері жиналған. Жалпы нан ысудың да өзіндік қыр-сыры бар. Менің білуімше, жайма жұқа және біркелкі болу керек. – Солай емес пе? – Дұрыс ысып жатырмын ба, мен өзі? – Дұрыс болмай жатыр, енді осылай-осылай үйреніп кетерміз.

Делебені қоздырып, қиқуға бастырған тай, құнан, ат арбамен жарыс, сияқты бәсірелі бәсекелерді қызықтағандар да аз емес. Шынымен қазақтың өнері мен дәстүрі дәріптелген әсерлі мереке болды, – дейді тойшыл қауым.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы