384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасы түсірген «Ана жүрегі» сериалы өзбек тіліне аударылды

  • 349
  • UPD: 10:24, 14.08.2019

Соңғы жылдары Өзбекстанда қазақ кинолары көбірек көрсетіле бастады.

Алғаш «Хабар» арнасы түсірген «Ана жүрегі» өзбек тіліне аударылды. Жуырда «Қазақша бизнес» пен «Шал» киносы үлкен экранаға шықты. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланыстың қайта жанданғанын көрсетеді. Оған қоса көрші ел президенті кино индустриясын дамытуға көбірек пәрмен беріп отыр. Соның негізінде «Өзбеккино» ұлттық агенттігі өткен жылы 20-дан астам тарихи тың туынды түсірген. Биыл да бұл жоба жүйелі жалғасын тауып келеді. Енді Түркістан қаласында «Қазақфильммен» бірлесіп «Мирас» киносын түсірмек.

Ғасырға жуық тарихы бар өзбек киносы соңғы жылдары біршама қиындықты бастан өткерді. Көнерген техника мен кино түсірудегі шектеулер, кинотеатрлар мен білікті кадрлардың жетіспеуі әлемдік киноиндустрияның көшіне ілесуге қолбайлау болды. Гонорардың аздығынан актерлар өзге елдерді жағалады. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев билікке келген күннен бастап осы салаға ерекше көңіл бөлді. Тіпті киноиндустрияны жетілдіру жөніндегі арнайы жарлыққа қол қойды. Соның негізінде «Өзбеккино» ұлттық агенттігі дамудың жаңа жолына түсті, дейді кино майталмандары.

Олимжан Давлатов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің басқарма басшысы:

– Күні бүгінге дейін кино саласында жүрген үздік актерларымыз гонорар дұрыс төленбегендіктен, басқа елдерге барып сол жақта туындыларға түсуге мәжбүр болды. Атап айтатын болсақ, Ресей, Жапония Қазақстанға барып киноларға түсті. Қазір еліміздегі кино саласына бөлінген көңілдің арқасында техникаларымыз жаңғырып, заманауи құрылғылар мен мол қаржы мәдениет майталмандарының өз жерінде киноға түсуіне барлық жаңдай жасалып отыр. Жаңа дәуір басталды деуге болады.

Кинематография саласындағы өзгерістер тың туындылардың өмірге келуіне негіз болды. Оған қоса бұл салаға жас режиссерлер да көбірек тартыла бастады. Соның негізінде Қазан қаласындағы 15-кино фестиваль ала тақиялы ағайын түсірген «Термези» киносымен ашылды. Бұл ел үшін үлкен жетістік.

Матякуб Матчанов, актер:

– Кино халықпен халықты жақындастырады. Кино арадағы қандайда бір шекараларды алып тастайды. Киноны көріп кейіпкер мен сол елге деген сүйіспеншілігің артады. Бізге бірігіп осындай кинолар түсіруіміз қажет.

Өзбекстанда жалпы 50-ден астам жекеменшік киностудия бар. Бәсеке бар жерде сапалы туынды дүниеге келеді, дейді мамандар. Бір ғана Севимли телеарнасы күні бүгінде дейін төрт сериал түсіріпті. Оған қоса былтырдан бастап Қазақ киноларын өзбек тіліне аударып бере бастаған. Күні бүгінге дейін жалпы алты кино аударыпты. Оның ішінде «Хабар» арнасы түсірген «Ана жүрегі» туындысы бар.

Қахармон Сайдалиев, «Sevimli» телеарнасы бас редакторының орынбасары:

– Қазақ кинематорграфтары түсірген «Шал» киносын өткен аптада өзіміздің каналдан премьерасын ұсындық. Көрші елдің актерлары аса шебірлікпен ойнаған туындыны біздің өзбекстандық көрермендеріміз жақсы қабыл алды. Оған қоса аптасына бір мәрте жасалатын рейтінгте қазақ сериалдары мен кинолары жақсы нәтиже алды.

Режиссер Хилал Насимов «Қазақфильммен» бірге Түркістанда өзбек жігіті мен қазақ қызының махаббаты турасында «Мирас» көркемфильмін түсірмек.

Бұған дейін «Абай жолы» туындысы дүниеге келді. Анимациялық фильмдер де жасалып жатыр. Ташкенттің аумағынан болашақта инвестициялық құны 165 миллион АҚШ доллары болатын Голливудқа ұқсас үш бірдей кино қалашығы салынбақ. Әлемдік сахнада өзіндік ерекшелігі бар өзбек киносы болашақта тың туындылармен толығады.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков. Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы