386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жанкент қалашығында қазба жұмыстары кезінде әтір құюға арналған құты табылды

  • 133
  • UPD: 20:56, 14.08.2019

Сыр өңіріндегі көне Жанкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде құнды жәдігерлер табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құм астынан көне шыны ыдыстар табылған. Олар IX-XI ғасырларға тиесілі болуы мүмкін

Жанкенттегі жаңалық мына кішкене ғана шыны ыдыс. Бұрын-соңды Сыр өңірінен мұндай жәдігер табылған емес. Мамандар бұл – әтір құюға арналған құты деп топшалап отыр.

Гүлмира Әмірғали, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми қызметкері:

- Бұл әтірге арналған ыдыс екеніне сенімдіміз. Мұндай шыны құтылар IX-XI ғасырларда Сирияда ғана жасалған. Ал оны Сыр еліне Ұлы Жібек жолы арқылы саудагарлер әкелген болуы мүмкін.

Жанкент қалашығын археологиялық зерттеу облыстық бюджет есебінен және шетелдік қорлар арқылы жүзеге асуда. Қызылорда мемлекеттік университеті мен Ресей және Германияның археолог ғалымдары арасында жасалған меморандум негізінде қазба жұмыстарына озық технологиялар пайдаланылуда.

Генрих Харке, Тюбенген университетінің профессоры (Германия):

Халықаралық жобаның мақсаты – көне қаланың негізі қаланған және өмір сүрген дәуірін анықтау. Осы ретте жер астындағы ғимараттардың пішінен анықтау үшін ғарыштық түсірілімдер мен бұрғылау әдістері пайдаланылуда.

Әзілхан Тәжікеев, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:

- Геофизикалық әдістер ескерткіштің қазбаға дейін астында не жатқаны жөнінде бізге мәлімет береді. Сонымен бірге топырақтанушылар топырақ құрамындағы көне замандағы өсімдіктерді, сүйек мамандары сол кездегі малдардың немен қоректенгендігі, оларды қалай пайдаланғандығы, міне, осындай топырақтанушылардың, сүйек мамандарының, геофизиктардың жинақталған үлкен зерттеулері нәтижесінде қазіргі таңда біз көптеген мәселелерге жауап алып отырмыз.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл - Жанкент қалашығының шығыс қабырғасы. Биіктігі 3 метр, ені 1,5 метрді құрайды. Ол биіктігі 5 метр, ені 10 метрлік үлкен дамбаның үстіне салынған. Өйткені бұл маңды өзен суы шайып жатқандықтан бұл нысан тасқыннан қорғану үшін салынғанға ұқсайды. Қазіргі уақытта ескі қабырғаны қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Жалпы ұзындығы 400 метрге шамасындағы алып қабырғаның кейбір бөліктері қайтадан саз кірпішпен қалануда. Мамандар оғыздар астанасы, күллі түркіге ортақ Қорқыт баба өмір сүрген қаланы алдағы уақытта ашық аспан астындағы музейге айналдыруды көздеп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы