386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Topjargan байқауына шетелдіктер де қатысып жатыр

  • 108
  • UPD: 21:03, 14.08.2019

«Хабар» агенттігі қолға алған Topjargan телешоуының екінші маусымына шетелдіктер де қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауда бағын сынаушылардың арасында көрші Қырғызстаннан бөлек, Италия, Грузия, Кубадан келгендер де бар. Бұл жобаның танымалдығы артқанын байқатады. Биыл күзде көрермен назарына ұсынылатын телешоу қызыққа толы болатын түрі бар.

Topjargan-ның екінші маусымы талантты өнерпаздарға толы. Өз елімізден бөлек шет мемлекеттерден келген қатысушылар да вокалды ән байқауында бақ сынасып жатыр. Себебі, конкурс талаптары көптің көңілінен шыққан. Мұнда кез келген жанрда ән шырқауға болады. Қатысушылардың арасында қазақтың қара домбырасын қолға алып, халық әндерін айтып жатқан өзге ұлт өкілдері де бар.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

- Биылғы ерекшелігі - бізге шетелден келіп қатысып жатыр. Соның ішінде Қырғызстан, Италиядан, Грузиядан, сонау алыстағы Куба елінен де келіп, біздің Topjargan-ға қатысып, әндерін шырқап жатыр. Әрине, интернет арқылы қатысушылардың орындаған хит әндерін тыңдап, деңгейін байқап, бақ сынауға келіп жатыр.

Гайа Англани - кәсіби әнші. Италиядан келген.Topjargan-ның танымалдылығына ғаламтор арқылы көз жеткізіп, оған қатысып көруге бел буыпты. «Әзірге аяқалысыма көңілім толады», - дейді ол.

Гайи Англани, жобаға қатысушы (Италия):

- Бұл байқау туралы ғаламтордан білдім. Бұрын-соңды мұндай телевизиялық байқауға қатысып көрмеппін. Осының өзі мен үшін үлкен тәжірибе. Байқауды Италиядағы менің жақындарым да қуана тамашалайтын болады.

Ал, қырғызстандық өнерпаз Салтанат Аширова байқаудың қыр-сырын бірінші маусымнан бастап біледі. Ә дегеннен оған жоба талаптары ұнаған. «Өзімді заманауи үлгідегі әнші ретінде көрсетуіме мұнда мүмкіндік мол екенін білдім», - дейді қатысушы.

Салтанат Аширова, жобаға қатысушы:

- Маған әртүрлі жанрда ән салған ұнайды. Рок, джаз, поп, рэп сынды бағыттар бойынша бағымды сынап көргім келеді. Сондықтан Қазақстандағы әріптесімнің бірі маған осы байқау туралы толығырақ айтып берді. Сөйтіп, өзім секілді кәсіби әншілермен бақ таластырып көруді дұрыс деп шештім.

Жоба бірнеше кезеңді қамтиды. Оның барысында қатысушылар финалға өту үшін үздік төрттікке енуі тиіс. Сөйтіп, шешуші сында өзара мықтыны анықтайды. Ал жеңімпаз кәсіби студияда ән жазып, клип түсіруге мүмкіндік алады.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы