386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облыстық драма театры Ташкентте өнер көрсетті

  • 86
  • UPD: 13:03, 16.08.2019
Қызылорда облыстық драма театры Ташкентте өнер көрсетті

Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Ташкентте, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай өнер ұжымы өзбек еліне гастрольдік сапармен барды. Сыр өңірінің өнерпаздары онда Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасын сахналады. Театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір «бұл туындыны таңдаудың өзіндік сыры бар», дейді. Өйткені Темірбек Жүргенов 30-жылдары Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақ ССР-інің халық комиссары болды. Сол жылдары қоғам және мемлекет қайраткері халық ағарту ісіне және ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосты. Спектакльде өз заманындағы қазақ, өзбек өнерінде өшпес із қалдырған атақты әнші, бишілер мен күйшілер көрсетілді. Ең негізгісі туындыда солақай саясат құрбаны Темірбек Жүргеновтің қазақ би өнерінің падишасы атанған Шара апамыздың өзбек бишісі Тамара ханымнан дәріс алуына ықпал еткен тұсы алғаш рет сахналанды.

Хұсейн Әмір-Темір, Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Рақымжанның мәтінінде Темірбек: «Шара, сен Ташкентке бар, онда Тамара ханым сені күтіп отыр, бишілік өнерді сол Тамара ханымнан үйренесің», деп айтады. Міне сол үйренетін кішкентай 12 минуттық сахнаны қосып алып келдік. Бұл да бір керемет дүние. Соны алғаш рет сахналадық, бүгін керемет қабылдап жатыр сол сахнаны.

Мухаррам Яукбжанова, көрермен:

- Бұл тарихи драма бүгінгі жастарымыз үшін ғана емес, күллі халыққа бір дәуірді қайта еске түсіретін құнды дүние болды. Қос елдің жоғары дәрежеге жеткен бүгінгі мәдениеті мен әдебиетінің өз-өзінен болмағанын тағы бір көрсетіп берді.

Хабар 24 телеарнасы