385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа халқы қазақ мәдениетімен жақынырақ таныса бастады

  • 136
Еуропа халқы қазақ мәдениетімен жақынырақ таныса бастады

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында Еуропа халқы қазақтың бай мәдениетімен жақынырақ таныса бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағдарлама аясында кәрі құрлық елдерінде отандық өнер майталмандарының қатысуымен түрлі концерттер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Мәселен, өткен жылы Еуропа төрінде қазақтың «Алтын адамы» тұңғыш рет жаһан жұртына паш етілді. Ұлы дала елінің теңдессіз мұрасы Польшаның Гданьск музейінде көпшілік назарына ұсынылды. Бұған қоса, шетелдіктерді қазақ музыканттарының өнері де тәнті еткен. Айман Мұсақожаева, Жания Әубәкірова сынды өнер иелерінің концерттері дүркіреп өтеді. Көрермендер залға лық толып, өнерпаздардың шеберлігіне тік тұрып қол соғады. Әдебиетіміз де одан шет қалмаған. Ұлы Абай, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев сынды дара тұлғалардың асыл туындыларын Берлин Мемлекеттік кітапханасынан табуға болады. Ал өткен жылдың соңында еліміздегі Ұлттық кітапхана неміс оқырмандарына 200-ден аса кітап сыйлады.

Мелине Пехливаниан, Берлин мемлекеттік кітапханасының өкілі:

– Қазақстаннан 200-ден астам кітап алу – біз үшін үлкен құрмет. Неміс оқырмандары өзге елдің мәдениеті мен әдебиетіне үлкен қызығушылық танытады. Бізге сыйлаған кітаптардың бір бөлігі неміс тіліне аударылғаны да қуантады.

Анджей Гданьск, қаласының тұрғыны:

– Қазақтың «Алтын адамы» – бірегей археологиялық олжа. Оған үңіліп қарасаң, үстіндегі әрбір әшекей бұйымның жоғары деңгейде орындалғанын байқайсың. Бұл – баға жетпес қазына. Оны бүгінгі күннің өзінде жасау оңай емес. Сонымен қатар зергерлік бұйымдар топтамасы да мені қатты таңқалдырды. Бұл скиф, сармат, сақ тайпаларының адамзат тарихындағы маңыздылығын айқындайды.

Хабар 24 телеарнасы