387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Волгоградта тұратын қандасымыз ресейліктерге ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр

  • 169
Волгоградта тұратын қандасымыз ресейліктерге ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр

Ресейде 700 мыңға жуық қандасымыз болса, соның 46 мыңы Волгоград облысында тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал осы Волгоград қазақтарының басым бөлігі Палласовка ауданында шоғырланған. Шекараның ар жағындағы бауырларымыз салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды сақтап, өзгелерге өнеге көрсетіп келеді. Мәселен, Эльтон ауылында тұратын Смағұл Монтаев өз үйінен музей ашқан. Атпал азамат осы арқылы ресейліктерге ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Эльтондағы Смағұл Монтаевтың үйіне жаз айларында мыңдаған туристер келеді екен. Солардың бірі болып біз де бүгін есік аштық. Аулаға кіргеннен бастап мұнда көне дүниелер көз тартады. Ал аула төріне екі ақшаңқан киіз үй тігілген. Бұл киіз үйлердің бірінде, яғни мына үйде қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигізуге арналған дастархан жайылса, ал екінші киіз үйде қазақтың ұлттық аспаптары, киімдері, басқа да көне бұйымдар қойылған.

Смағұлдың мамандығы - еңбек пәнінің мұғалімі. Қолы шебер жан музейдегі біраз дүниені өзі жасапты. Ал қалғанын Қазақстаннан алдыртқан. Бойында буырқанған ұлттық сезім мен намыс осы іспен айналысуына себепші болыпты.

Смағұл Монтаев, Эльтон ауылының тұрғыны:

– 19 жыл мұғалім болып істеп, сонда түсіндім, балалардың көбі дәстүр-тарихын, соны білмейді. Соларға көрсетем деп. Көп кісі келеді, мына киіз үйде музей істедім.

«Алтын-Нұр» этномәдени орталығы осы ауылдағы тұзды көлмен бірге Ресейдің ішкі туристік маршуттарына енгізілген. Сол себепті мұнда адам аяғы үзілген емес. Келушілерді үй иесі өзі қарсылап алады. Киіз үйдің ішіне жасына қарай жайғастырып, әрбір бұйым туралы әңгіме тиегін ағытады. Содан соң қолға су құйып, меймандарды келесі үйдегі дастарханға шақырады. Шай құю мен бас тарту, ас салудың жөн-жосығын, әр тағамның жасалуын түсіндіреді. Үлкен сыйлау мен қонақ күту әдебі де ұмыт қалған емес. Тәтті тамақ пен талімді әңгімеден соң қонақтардың қазақ халқына көзқарасы да ерекше.

Ольга Бондаренко, Мәскеу қаласының тұрғыны:

– Тамаша әсер алып, таңғаларлық күйдемін. Мәскеуден алыста осындай этноошақтың болуы ғажап қой. Мұнда бәрі зор махаббатпен жасалған. Екі мәдениетті іштей салыстырып отырмын қазір.

Ұлттық құндылықтарға саяхат мұнымен бітпейді. Ауладағы арнайы алаңда балалардың асық атуына да мүмкіндік бар. 9 жасар Максим бүгін бірінші рет «Ханталапай» ойнауды үйренді.

Максим Петров, турист:

– Бастапқыда түсінген жоқпын. Ойынға енді еніп келемін. Шахмат секілді мағыналы, өте қызықты ойын екен. Асықты түсуіне қарай бөлек атасың.

Юлия Хандрамай, Мәскеу қаласының тұрғыны:

– Бірінші рет киіз үйге кіріп тұрмын. Бұрын тек кинодан көрген едім. Танымдық жағынан алған әсерім ерекше. Мүлде басқа әлемге тап болғандаймын. Өзге ұлттар, соның ішінде бауырлас қазақ халқы туралы аз біледі екенмін.

Сондай-ақ Смағұл Монтаев ауласынан Эльтон ауылының тарихи музейі мен орыс мұражайын да өз күшімен жасақтапты. Осы арқылы ол ұлттық дәстүрімізді насихаттап, қос халықтың рухани байланысы нығаюына сүбелі үлес қосып жүр. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы