389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қыпшақ хандығына астана болған Сығанақ сәулеті айшықталып келеді

  • 182
  • UPD: 23:40, 22.08.2019

Ұлы Жібек жолының бір аялдамасы әріде Ақ Орда, Қыпшақ пен Қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қаласы.

Қазір осы көне шаһар құмнан аршылып, өз сәулетін айшықтап қалды. Жалпы «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» Қызылорда облысынан енгізілген 12 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның бірі талай тарихты ішіне бүккен - осы көне қала.

Тарихы сонау оныншы ғасырлардан басталатын Сығанақ қалашығын зерттеуді 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археологиялық ғылыми зерттеу интитуты қолға алған болатын. Содан бері көне қала орнынан құнды жәдігерлермен қатар, сәулетті ғимараттардың да ізі шықты.

Қуаныш Арынов, археолог:

- Құмыра шығып хатыр, үлкен хум, адамның белінен келетін 1,5 метрлік. Сосын теңгелер ортағасырдың. Сырға, жүзіктер, сосын сүйектен жасалған бұйымдар бар осында шығып жатқан. Өңделген асықтар бар. Бір жерден 30-40 балалардың ойнаған асықтары шықты. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл Сығанақ қаласының негізгі шығыс қақпасы. Мына 20 қатар қыш археологиялық қазба кезінде табылған болатын. Ал қалған бөлігі қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі. Ал мына жерде садақ ататын ойық болған. Бұл арқылы қақпаны бұзып кірген немесе сырттан шабуыл жасаған жауға тойтарыс беріліп отырған. 

Аумағы қоршалып, мұнаралы қақпасы, қорған қабырғаларының бірқатар бөлігі 3 метр биіктікке дейін қалпына келтірілген ортағасырлық қала орны бүгінде аспан астындағы мұражайға айналды. Сығанақ қалашығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілгені белгілі. Ал биылдан бастап  қала маңындағы қорымдарды Қазақ-Өзбек экспедициясы зерттеуге кірісті. 

Мэлс Бақтыбаев, археологиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері /Түркістан/:

- Бұл Самарқанд қаласындағы ортаазиляқ зерттеулер халықаралық институтымен бірігіп істеп отырмыз. Негізгі бұл жобаның мақсаты осы ортағасырлық Сығанақ қаласындағы көне қорым орындарын зерттеу. Қазіргі таңда осы кешеннің орны ашылып жатыр. Әлі де бұл жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар бұл қазбадан бөлек осы ортағасырлық Сығанақ қаласынығ рабат аумағында және де екі кешеннің орнын ашуды жоспарлап отырмыз.

Сығанақ Ұлы Жібек жолындағы сауда орталығы болғаны да анық. Бүгінде тарихи қала жанынан халықаралық автобан өтіп жатыр. Мұндай мүмкіндіктер рухани мұраларды насихаттау тұрғысында тиімді пайдаланылатын болады. Зерттеушілердің көпжылдық еңбегінің нәтижесінде құм қойнауынан көзбен көріп, көңілге тоқитын көп нәрсе аршылғандықтан болар, соңғы уақытта Сығанаққа саяхаттап келушілер де көбейді дейді мамандар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы