389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Балет» театрының премьерасы Ташкентте аншлагпен өтті

  • 168
  • UPD: 15:13, 25.08.2019

«Астана Балет» театры Ташкентте биылғы жылдың айтулы премерасы Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» қойылымын алғаш рет сахналанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туынды шын мәнінде жаңа маусымды асыға күткен өзбекстандық өнер сүйер қауымға тартылған сый болды. Олай дейтініміз ,Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық театр залы көрерменге лық толды. Бұл қазақ өнеріне деген зор құрметтің үлгісі, - дейді шығармашалық топ.

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай Ташкентке гастрольдік сапармен барған «Астана Балет» театрын көршілер өте жылы қабылдады. Тиісінше жас өнер ұжымы да аянып қалмады. Әрдайым жаңашылдығымен ерекшеленетін өнерпаздар өзбекстандықтарды түрлі жанрдағы әлемдік және отандық шедеврлермен, ерекше хореографиялық қойылымдармен баурап алды.

Махмуд Муратов, Әлішер науаи атындағы өзбекстан мемлекеттік академиялық театрының басшысы:

- Бұл қойылым шын мәнінде қазақстандық опера мен балет өнерінің соңғы жылдары үлкен шыңдарды бағындырып, жетістікке жеткенін көрсетеді. Біз достарымыздың осындай спектакль арқылы халықаралық аренаға шыққанына қуаныштымыз. Бұл қазақ халқының ғана емес, күллі әлемдік мәдениеттің жетістігі деуге болады.

«Махаббат туралы аңыз» Бұл шығарманың Юрий Григорович туындыларының ішінде алар орны ерекше. Өйткені онда аңыз бен шынайылық ұштасқан. Ашылған кітап секілді жасалған декорация, балетмейстерлердің сан алуан түрлі киімдері мен әуезді әуен көрерменді еріксіз ежелгі шығыс ертегісінің әлеміне жетеледі. Бір сөзбен айтқанда, сахнада әртістер ғашықтық сезімін би өнерімен баяндады.

Руслан Пронин, Юрий Григоровичтің ассистенті:

- Бұл балет өзінің сахналануымен де ерекше. Оның негізгі өзегі ашылып жабылатын көне кітап пен онда жазылған тарих. Кез келген сахна бұл қойылымды қабылдай алмайды. Құрылысы қиын болғандықтан да бұл балет бүкіл әлемге әйгілі болып отыр.

Шытырман оқиғаға толы қойылымда Фархат пен Шырынның бір-біріне деген сүйіспеншілігі махабаттың символы ретінде суреттеледі. Балетте қарама-қайшылықтардың сан алуандылығы, жақсылықтың зұлымдықпен күресі, өжеттілік пен қорқақтық сынды сезім иірімдері музыка құдіретімен астасып жатыр. Ең негізгісі туындыны Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық театрының оркестірі сүйемелдеп шықты.

Арман Оразғалиев, дирижер:

-Сахналық қойылымның негізгі тетіктерін алдын ала бірнеше рет пысықтап шықтық. Өйткені оның мағынасын түсіну керек. Сахналанған дүниенің негізі осында. Шығыс музыкасында өзіне тән ерекшеліктері мен кейбір тұстарында қиын жерлері де бар. Дегенмен, оркестр бұл туындыны толық ойнап шықты.

Жалпы «Астана Балет» театрының репертуары өте бай. Үнемі жаңа туындылармен толығып отырады. Ұжым алдағы уақытта балаларға арнап тың туынды әзірлемек екен. Бұл жолы да өзбекстандықтарға сиясы кеппеген қойылымын ұсынды. Сөйтіп, әйгілі балетмейстердің таңдауынан сүрінбей өткен труппа өзбекстандықтардың ыстық ықыласына бөленді.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков. Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы