387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауылда «Жасыбай толқынында» атты авторлық әндер мен поэзия фестивалі өтті

  • 132
  • UPD: 04:54, 27.08.2019

Бард өнерінің бүгінгі марқасқалары Ертіс өңіріне жиылды. Баянауыл игі дәстүрмен биыл да шығармашыл жандарды құшақ жайып қарсы алды.

Сонымен, «Жасыбай толқынында» республикалық фестивалі 6 өңірден келген өнерпаздардың басын қосты. Ән тербеген өлкеден Ақмарал Есімханова сөз алады.

Юрий Насыбуллин мен Марина Багинская бард әншілер ортасында жақсы таныс. Ерлі-зайыптылар - бард әндердің авторлары, әйгілі халықаралық Грушин фестивалінің лауреаттары. Ал Баян өлкесіне алғаш рет келіпті.

Юрий Насыбуллин, «Жасыбай толқынында» фестивалінің қатысушысы:

- Махаббат, армандар, жұлдызды түндер. Бард әндер тұнып тұрған романтика. Біз барда авторлық әндердің ғұмыры ұзақ болады. Бұл фестиваль соның айқын дәлелі. Фестиваль жылдан жылға керегесін кеңейтіп келеді. Соған да өзіміз жетті. Жастар да көбейіп келеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

Жасыбай толқынында» атты авторлық әндер фестивалі осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Жыл сайын оның ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы жылы еліміздің түкпір-түкпірінен кәсіби және әуесқой әншілер бас қосты. Бағдарлама шеңберінде концерттерден бөлек осы тектес шағын шығармашылық кештер өткізілуде.

Жезқазған өңірінен ат терлетіп келген Мейрамкен Ахметбеков гитарасын қолынан тастаған емес. Бұл фестивальде Нұрлан Оразалиннің сөзіне жазылған атақты «Қайыңмен тілдесу» әнін паш етті.

Мейрамкен Ахметбеков, «Жасыбай толқынында» фестивалінің қатысушысы, бард әнші:

- Баянауылдың өзі табиғаты деген, ерекше нәрсе. Ауасы шипа деп айтуға болады. Қуат береді бізге. Өнер саласында бәріміз жиналып, бастарымызды қосып, ән айтып жатқанымыз қайда жатыр!

Фестиваль шарты бойынша әр қатысуышы осы тектес шығармашылық шеберханаларда бірнеше ән орындауы керек. Үздіктері ғана гала-концертке іріктеліп алынады.

Мәулен Қожахметов, «Жасыбай толқынында» фестивалінің ұйымдастырушысы:

- Республика деңгейінде авторлық әндерді әрі қарай көтеру үшін. Ең бірінші мақсатымыз – Баянауыл ұлттық паркімен таныстыру, авторлық әндерді әрі қарай жалғастырып, дамыту үшін. Сондай мәселемен жиналдық.

Көрермендердің әншілерге деген ыстық ықыласы арта түсті. Өнерсүйер қауым ыстық көңілін ақындарға да аямады.

Райхан Әбікеева, «Жасыбай толқынында» фестивалінің қатысушысы, ақын

- Мұндай фестиваль елімізге өте қажет. Өйткені адам өз-өзін шығарып, ел-жұртқа шығармашылығын, ақындығын  көрсету керек.  Мен өзім Естай ақынның тұқымымын, шөбересімін. Кішкентай кезімнен өлең де жазамын.

Ашық аспан астындағы ән кеші еліміздегі ең жас фестивлалдің көрігін одан әрі қыздырды. Ең бастысы, бұл басқосу ән мен достық салтанат құрған мейрамға ұласты. Осындай фестивальдер болғанда, бард өнерінің кенже қалмасы анық.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы