389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әдеби туындылардың мән-мазмұны сұйылып барады – Қаламгерлер

  • 215
  • UPD: 23:20, 28.08.2019

Бүгінде жазушы көп, оқырман аз. Сыни талқыға түсіп, сараптамадан өтпеген соң туындылардың да мән-мазмұны сұйылып барады дейді қаламгерлер. 

Қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы қарсаңында жазушыларды толғандыратын мәселелер жетерлік.

Сөрелерде кітаптар сіресіп, оған қандай сұраныс бары белгісіз.  Жартысы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрсе, дені авторлардың өз қаржыларына шығарған туындылар. Қазіргі кезде мерейтойлық, отбасылық шығармалар көбейіп кетті. Сондықтан мыңның ішінен жауһарын табу да қиын болып барады дейді қаламгерлер.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы:

- Сізге өтірік, маған шын, 300-ден астам адамның өтініші жатыр. Одаққа қабылдасаңыз деген. Бірнеше роман жазып тастаған жазушылар бар. Оны кім оқып отырғанын мен білмеймін. Бірақ жаңағы өзінің мүмкіндігі бар, өзінің материалдық жағдайы бар адамдар кітапты шығарады. Сосын кітап өтпейді, деп реніш айтады. 

Баспадан шығатын әрбір шығармаға алдымен әділ рецензия мен сараптамалық комиссияның шешімі керек.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы: 

- Өте осал жері ол сын мәселесі. Қазір сын құрып кетті. Баяғы Мұхамеджан Қаратаевтардың, Рымғали Нұрғалиевтардың, Сағат Әшімбаевтардың сындары сияқты әдебиетке сын жоқ қазір.

Бүгінде Жазушылар одағына 800-ге жуық қаламгер мүше. Олардың арасында мықты сыншылар да жоқ емес. Бірақ олардың қаламақысы күнкөрістен артылмаса қайтеді?

Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын:

- Проблеманың біреуі сол қаламақы. Өзінің маңдай терімен түндер бойы жазған шығармасын, содан түскен қаржыдан басқа  оның басқа ешқандай күнкөріске алатын жері жоқ. Сондықтан біздің қазір қаламгерлердің көбісі басқа жерлерде жұмыс істейді.

Ақынның айтуынша, біз әлемдік әдеби үрдістен кенжелеп келеміз. Сапалы шығарма жазып, оны түбегейлі оқырманға жеткізу үшін әдеби агенттер мектебін қалыптастыру керекпіз, дейді Бауыржан Жақып. 

Бауыржан Жақып, қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын:

- Әдеби агенттер жазушының жазған шығармасын баспадан шығару жайы, оның таралымы, оған берілетін қаламақы, оның шет тілдерге аударылуы, оның кітабінің презентациясының өтуі. Ол кітаптың оқырманға жетуі, соның барлығымен айналысатын адамадар бар. Арнайы мамандар бар.

Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақынның, әлеуметтік желіде 3 мыңнан астам оқырманы бар. Бұл да заман талабы. Сондықтан қазақ әдебиеті де заманауи әдіс-тәсілдерді меңгергені абзал дейді ол.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы