385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қаламгер» фильмі кинотеатрларда 12 қыркүйектен бастап көрсетілуде

  • 371
  • UPD: 10:33, 13.09.2019

«Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша «Қаламгер» атты толық метражды фильм жарыққа шықты. Тарихи драма еліміздің кинотеатрларында 12 қыркүйектен бастап көрсетіліп жатыр.

Ал телевизиялық нұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Хабар» арнасынан эфирге шығады. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында түсірілді. 

Фильмнің «Қаламгер» аталуының өзіндік мәні бар. Біріншіден, қолына қалам алған жазушыларды меңзесе, екіншіден, оқиға желісі Жазушылар үйінің жанындағы «Қаламгер» кафесінде өрбиді. Мұнда жаңа өлеңдердің тұсауы кесіліп, қазақ әдебиеті мен өнері жайында кеңінен сөз қозғалатын. Сондай-ақ шығармашылық адамдары сөзге келіспей, шекісіп қалып та жататын. Қысқасы, мұнда цензураға бағынбайтын ақын-жазушылар одақ қабырғасында айтыла бермейтін ашық ойларын ортаға салады. Олар шын мәнінде қазақ әдебиетінің қаймағы еді.   

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Кеңестік идеологияның құрбанына айналған талай азаматтардың бар екенін білеміз. Олардың барлығы ол жылдары айтылмады, жазылмады, кино түсірілмеді. Осы бір кемшілікті түзету үшін «Рухани жаңғырудың» нақты бір дәлелі, көрсеткіші болсын деп, осы жобаны қолға алған болатынбыз. Көпшіліктің ойынан шығатын тарихтағы кеткен қателіктерді болашақта қайталамас үшін ой салатын бір құнды дүние болады деп ойлаймын. Енді бағасын көрермен береді.  

Сәтжан есімді жас жазушы Алматыға келеді. Жазушылар Одағына қабылданып, шығармаларымен бірден көзге түседі. Ғылым жолына бет бұрып, «Алаш» тақырыбына диссертация жаза бастаған оған қысым көрсетіле бастайды. Яғни фильмде  өткен ғасырдың 1970-80 жылдардағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдай басты кейіпкер Сәтжан арқылы бейнеленеді. Сәтжан – жиынтық образ. Себебі драматургия заңдылығында кейіпкердің барлығын беру мүмкін емес. Кинокартинада ұлтын ұлықтаған тұлғалардың образы, оған қоса махаббат драмасы  осы Сәтжанның бойынан табылады. 

Сержан Зәкерұлы, «Қаламгер» фильмінің сценарий авторы:

- Қазақтың сол кездегі тарихи санасын көтеруге атсалысқан жазушылардың еңбегі, олардың цензураның қыспағында бола тұра, ешқандай тайсалмай ұлттық сананы көтерген Есенберлиннің Көшпенділері сол кезде шықты, Сүлейменовтің «АзиЯ-сы». Мәскеудің соларға шүйлігіп, сондай шытырман оқиғалар осы туындыға арқау болды.   

Расында 1970-80 жылдардағы қазақ әдебиеті биікке көтерілді. Ғабит Мүсірепов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Жарасқан Әбдірашевтер халықты өз шығармаларымен сусындатты. Десе де олардың арасына іріткі салған, таланттарды аяқтан шалған билікқұмарлық, сатқындық, екіжүзділік сияқты жат әрекеттер де фильмде көрініс табады. 

Арнұр Құдиярбек, актер:

- Мэлстің образы барынша қызметке жетуге, таққа отыруға деген арманы бар, мақсаты бар. Жағымсыз роль дейді. ЦК дейді, комитетчиктің ролін атқарамын. Өзімді жас ақын ретінде, жазушылар одағына келіп жүріп, неше түрлі ақпараттарды үкіметтің көзімен, құлағына айналған персонаждың бірімін деуге болады.

Шығыстың ғұлама ойшылы, философ Әбу Насыр Әл-Фарабиге қатысты жайттар мен 1973 жылы Азия мен Африка елдері жазушыларының V конференциясының өтуі сияқты тарихи оқиғалар фильмге арқау болды. Сценарийдің жазылуына жалпы киноның түсірілу барысына кеңесшілік еткен жазушы Дулат Исабеков картина барынша шынайы оқиға желісімен түсірілді.

Дулат Исабеков, «Қаламгер» фильмінің кеңесшісі:

- Ұстаздың оралуы Әл-Фарабиді Әнуар Әлімжанов пен Қонаевтың тартып алы келуі, Өзбекстанның өтікзейін деп жатқан жерінн Алматыға алып келуі Әнуар Әлімжанов пен Қонаевтың арқасы. Ол басқа сериясында ашып айтылатын болу керек. Оның тартысы қанша бол? Сондай-ақ Азия мен Африка жазушыларының форумы бізге не берді? Онда қандай-қандай оқиғалар болды. Солардың барлығы 14 серияда көрсетіледі. Ал бүгін соның барлығы қысқа-қысқа жиынтық болып көрсетілді.   

Биыл Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл. Елорда төрінде Азия елдері жазушылары форумының өтуі де қазақ әдебиеті мен өнерінің мәртебесін асқақтатты. Ал «Қаламгер» фильмі – «Хабар» Агенттігінің тартуы. 14 бөлімнен тұратын туынды Тәуелсіздік күні қарсаңында көрерменге жол тартады. Көркем фильм ретіндегі нұсқасы 12 қыркүйектен кинотеатрларда көрсетіліп жатыр.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы