386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық парабишілер әлем кубогынан жүлдемен оралды

  • 89
  • UPD: 16:42, 11.09.2019
Қазақстандық парабишілер әлем кубогынан жүлдемен оралды elorda.info

Қазақстандық парабишілер әлем кубогында бірінші орын алды, деп хабарлайды Елорда Инфо «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына сілтеме жасап.

Санкт-Петербург қаласында өткен парабишілер арасындағы әлем кубогында ерекше мүмкіндіктері бар балалар 3 – бірінші, 1 – үшінші және 1 – төртінші орынды иеленді.

Әлем кубогына барлығы 20 елден: Ресей, Оңтүстік Корея, Испания, Италия, Мексика, Нидерланды және т.б. 150-ден астам биші қатысты. Өз шеберлігін көрсетіп, ел намысын көрсетуге Қазақстаннан да парабишілер аттанған болатын.

Аруа Бейхари, Ақбота Рысбекова, Алтынай Қазбекова, Ақнұр Ақжаркенова және Лестеин Асламбеков – ерекше балалар және олардың барлығы халықаралық біріншілікте лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орындармен оралды.

«Мен биді жақсы көремін, бимен үнемі айналыса аламын. Мен үшін төртінші орын – бұл өте үлкен жетістік, себебі мен осындай үлкен жарысқа алғаш рет қатыстым. Онда мен басқа елдердің балаларымен таныстым, біз көп сөйлесіп, тіпті бірге биледік», – дейді кішкентай Алтынай.

Оның жасы бар болғаны 8-де, биыл Алтынай екінші сыныпқа барды. Айтпақшы, кішкентай биші Нұр-Сұлтан қаласының №62 мектеп-лицейінің инклюзивті сыныбында оқиды және бірінші сыныпты «өте жақсы» деген бағамен аяқтады. Алтынайдың анасы Салтанат Қазбекова айтып өткендей, оның қызы мектепке қуана барады, оған оқу ұнайды. Бірақ басты әуестену – би болып қала береді.

«Алтынай бимен екі жылдан бері айналысып келеді. Бірақ осындай ірі жарысқа біз алғаш рет қатысып отырмыз. Біз қызыммен «Ана мен қыз» номинациясы бойынша төртінші орынға ие болдық, онымен бірге жұптық би биледік. Менің ойымша, бұл ата-аналардың өз балаларының қызығушылығын қолдауы өте маңызды», – дейді Салтанат Қазбекова.

Тағы бір қатысушы – Аруа Бейхари «Қыздар. Жасөспірімдер. Жалпы бағдарлама» бойынша бірінші орынға ие болды.

Әлем кубогына аттана отырып, Аруа: «Мен медальсіз оралмаймын!», – деп еді. «Және ол қолынан келді», – деп күледі Аруаның анасы Аида Колпакова.

Биші қыз өзінің жеңісіне өте қуанышты және бұл соңғы медаль емес екеніне сенімді.

«Екі жылдан бері бимен шұғылданып келемін. Бұл менің екінші алтыным, бірінші рет Орал қаласында өткен чемпионатта жеңіске жеттім. Мен үшін өз елім үшін медальді жеңіп алу абырой болды және бапкер Әлия Түсіпбековаға бимен айналысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіргім келеді», – дейді Аруа.

Балалардың әлем кубогына сапары «Самрұқ-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырып жатқан «Жас дарындар» жобасының арқасында мүмкін болды.

«Біз үшін бұл ерекше жоба, себебі осының арқасында жас қазақстандықтар республикада да, шетелде де түрлі жарыстарға қатыса алады», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Диас Әзбергенов.

Хабар 24 телеарнасы