389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі ашылды

  • 353
  • UPD: 10:40, 14.09.2019
Түркияда «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі ашылды

Түріктің төрінде «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі ашылды. Онда еліміздің ең көрнекті тарихи мұрасы — «Алтын адам» таныстырылды. Құнды жәдігер Еуропаның ең үздік деп танылған Анадолы өркениеттер музейіне қойылды. Шараның алғашқы күні-ақ тарихи туындыны көруге келгендердің қарасы мол болды.  

Қазақстан - түбі бір түркі елдерінің атажұрты. Жері тарихи құнды жәдігерлерге толы. Солардың бірі талай ғасырдан сыр шертетін Алтын адам. Түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан туынды Түркияның төріне  қойылды. Анадолыда ашылған көрмені жергілікті халық асыға күтті. 

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанның бай мәдени тарихын таныту тұрғысынан Ұлы даланың мәдениетін таныту мақсатында аса мәнге ие. Бірақ екінші жағынан бұл бауырлас Түркия халқымен екі арадағы мәдени байланыстарымызды көрсету тұрғысынан өте маңызды. Себебі Анатолия мәдениеті ерекше бай мәдениет. Түрік тарихының әртүрлі кезеңдері бар. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

- «Алтын адам»- еліміздің бай тарихының символы. Бастысы, бұл текті шаралар елімізді таныстыру тұрғысынан маңызды. Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Алтын адам әлем музейлеріне шеруі» шет ел азаматтарының еліміздің терең тарихына үңілуіне мүмкіндік береді. 

Көрме өткен Анадолы өркениеттер музейі - Түркияның ең ірі екінші мұражайы. Бұл жерді кезінде ел көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің өзі ашқан. Бүгінде мұнда түрлі кезеңнің 200 мыңға жуық тарихи экспонаты сақталған. Сондықтан шаһарға келген алыс-жақын елдердің туристері осы жерге соқпай кетпейді. Бұл да қазақ даласының тарихын тек қана түрік жұртына емес, әлем халықтарының көруіне мүмкіндік береді. 

Кристина Стюарт, американдық жиһанкез:

- 20 жылдан астам уақыттан бері Америкада өмір сүремін. Өзім Алматыда тудым. Түркияға келіп, туған жердің көрмесіне тамашалағаныма қуаныштымын. Көк туымызды көріп, сағынышымды басқандай болдым. 

Джейс Мэнсон, америкалық жиһанкез:

- Қазақстан жайлы білмейтін едім. Мұражайға келіп, Анадолы тарихымен бірге қазақ тарихына да куә болып тұрмын. 

Көрмеге Ұлттық музей қорынан барлығы 200-ден аса туынды қойылды.  Олардың дені алтын мен күміспен қапталған аң стиліндегі бұйымдар. Қазақтың құнды жәдігерлері Анадолы жерінде қазанның 12-не дейін болады. 

Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы