389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана балет» театры лондондықтардың жүрегін жаулап алды

  • 352
  • UPD: 10:42, 16.09.2019
«Астана балет» театры лондондықтардың жүрегін жаулап алды inform.kz

«Астана балет» театрының Лондондағы концертінде талғамы биік көрерменнің қошеметіне ие болды.

Билеттері бірнеше ай бұрын алдын ала сатылып кеткен концертте үш күн бойы залда орын болмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балет труппасының гастрольдері әйгілі Ковент Гарден корольдік театры, Opera house сахнасында өтті. Британиялық көрермен түрлі жанрдағы қойылымдар тамашалауға мол мүмкіндік алды. Театр труппасы неоклассика, заманауи және ұлттық хореография бағытында өнер көрсетті.

Театрдың айтулы туындысы ұлттық балет үзінділерімен қатар, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін айғақтап тұратын хореографиялық композициялар жиынтығы «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы кеш шымылдығын ашып, сезімтал махаббат, кейін қорқыныш және соңында немқұрайлылық туралы сыр шертетін бір актілі «Love Fear Loss» балетімен аяқталды.

Әйгілі ағылшын жазушысы әрі ақыны Оскар Уайлд пьесасы желісімен жазылған бір актілі «Саломея» балеті көрермен назарын ерекше аударды. Кезінде Ұлыбританияда бұл Інжіл әпсанасын сахналауға ұзақ уақытқа дейін тыйым салынған болатын. Енді міне оны бүгін қазақстандық өнер адамдары алғаш рет туған елден тысқары жерде көрсетіп отыр.

Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахридің айтуынша, спектакльдерді Opera house сахнасына бейімдеуде кейбір қиындықтар туындаған. Бірақ әртістердің энергиясы ешбір олқылықты байқатпаған. Театрдың премьері Фархад Буриевтың пікірінше, шетелдерде ұлттық мәдени құндылықтарымыздың бірі қазақтың дәстүрлі биін де өте жылы қабылдайды. Бұл жолы да балетті жан-тәнімен сүйетін көрермен қазақ халқының бай мәдениеті мен көп ғасырлық тарихын бейнелейтін хореографиялық композицияларға дән риза болды.

Ал ағылшын баронессасы Эмма Николсон бидің сұлулығы мен хикаялардың әсерлілігіне таң қалғандығын және қазақстандық өнер адамдарының кәсіби шеберлігіне тәнті болғандығын айтады.

Британиялық көрермен «Астана Балет» театрының Ұлыбританиядағы алғашқы гастрольдік сапары алдағы уақытта жалғасын табады деген үмітте.

Хабар 24 телеарнасы