389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильм ТЭФИ сыйлығына ие болды

  • 278
  • UPD: 14:14, 19.09.2019
«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильм ТЭФИ сыйлығына ие болды

Молдовада ТМД және Балтия елдері бойынша үздік телехикаяны анықтады.

ТЭФИ сыйлығын биыл «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Алтыншы бекет» телехикаясы қанжығасына байлады. Бұл туынды болған оқиға негізінде түсірілген. Қазақстандық түрмелердің бірінен тұтқындардың жаппай қашпақ болғанын баяндайды. Әсерлі оқиғалар желісі байқау бастала салысымен үздіктердің қатырынан көрінген.

ТЭФИ фестивалі биыл Молдованың Кишинев қаласында өтіп жатыр. Халықаралық байқаудың ұйымдастырушылары осы жылы үздік телехикая номинациясына басымдық берген. ТМД және Балтия елдерінен кино жарысқа барлығы 80 өтініш келіп түсіпті. Қазылар алқасы туындыларды көріп, 9 елдің 17 кинокартинасын ақтық сынға өткізеді. Бұл тізімде «Хабар» агенттігінің «Алтыншы бекет» телесериалы да бар. Кишиневке «үздік телехикая» премиясы үшін бақталасуға Әзербайжаннан Украинаға дейін 13 елдің өкілдері жиналды. 4 күнге жалғасқан телемарафон қорытындысы бойынша біздің агенттіктің «Алтыншы бекет» туындысы жеңімпаз атанды.

Санұржан Сүлейменов, «Алтыншы бекет» телехикаясындағы басты рөлді сомдаушы:

– Бұл – болған оқиға желісінде түсірілген туынды. Ерекшелігі мен басымдығы да осында. Режиссеріміз өте талантты адам. Телехикаяны барынша шынайы қылып шығаруға күш жігерін салды. Түсірілім барысының қиын болғанына қарамастан, бүгін осында тұрмыз. Бұл – біздің сапалы жұмысымыздың дәлелі.

«Алтыншы бекет» телехикаясы осыдан 9 жыл бұрын Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаны баяндайды. 2010 жылдың 22 маусымы. Ақтаудағы түзеу колониясының бірінен жат ағымның жетегінде кеткен 21 тұтқын қашпақ болады. Оларды алып кетуге мұздай қаруланған ондаған адам мен бірнеше көлік түрме сыртында күтіп тұрады. Алайда қарауылда тұрған Ербол Отарбаев есімді сарбаз қашқындарды байқап қалып, қылмыскерлердің сытылып кетуіне жол бермейді.

Наталья Макрицкая, қазылар алқасының мүшесі:

– Байқауға қатысқан телехикаялар арасында қазақстандық телеарнаның «Алтыншы бекет» туындысы көңілімнен шықты. Біріншіден, телехикая кәсіби деңгейде түсірілген. Киноматографиялық тұрғыда өте жоғары баға берер едім. Екіншіден, туындың желісі, шынайы оқиға негізінде түсірілуі өте әсерлі шыққан.

Бәскелестік жоғары болған додада осылайша «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген телехикая «ТЭФИ-достастығы 2019» сыйлығын иеленді. Біздің мемлекет үшін бұл соңғы жетістік емес. Дәл бір жылдан кейін ТЭФИ-ге жаңа жобалар мен телехикаялар ұсынылады. Сондықтан жеңісті күндердің жалғасы бар делік. 

Авторлары: Оксана Вивич, Дмитрий Лукша, Станислав Трифан

Хабар 24 телеарнасы